Шымкент қаласындағы «Парасат» колледжінде орын алған оқиға қоғамның назарын аудартуда. Екі студенттің мәлімдеуінше, оларды әлеуметтік желідегі орынсыз пікірлері үшін колледждің директор орынбасары соққыға жыққан. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады деп хабарлайды Azatnews.kz.
Зардап шеккен студенттердің бірі, 17 жастағы Абдуғафар Ерсалиевтің айтуынша, оларды үш сағат бойы жертөледе ұстап, қатты соққыға жыққан. Абдуғафардың өзі қазір миы шайқалып, ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның сөзінше, ұрып-соғу барысында қорқыту мен балағаттау сөздері айтылған.
Ата-аналары балаларының қауіпсіздігі үшін оларды колледжден шығарып алған және құқық қорғау органдарына арыз түсірген. Олар прокуратураның істі бақылауға алуын талап етуде.
Колледж әкімшілігі болса, студенттердің бұл мәлімдемесін жоққа шығарып, өздеріне жала жабылғанын айтып, құқық қорғау органдарына арыз берген.
Қазіргі уақытта полиция оқиға бойынша тергеу жұмыстарын жүргізуде. Қоғам бұл оқиғаның әділ әрі жан-жақты қаралуын талап етуде, себебі білім беру мекемелеріндегі мұндай жағдайлар студенттердің қауіпсіздігіне деген сенімділікті төмендетеді.
Отправить комментарий