Түркістан облысының басты басылымы – «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газеті өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтті. Облыс орталығында өткен салтанатты шараға еліміздің беделді тұлғалары мен шығармашылық өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын газеттің бас редакторы Абай Балажанға табыстап, бірнеше журналисті алғыс хаттармен марапаттады.
Мерекелік жиынға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, ҚР Парламентінің депутаттары Алишер Сатыбалдиев пен Ұласбек Сәдібеков, ардагер журналистер, зиялы қауым және баспасөз қызметінің өкілдері қатысты. Облыс әкімі өзінің құттықтау сөзінде:
– «Оңтүстік Қазақстан» газеті – өңірдің айнасы әрі қазақ журналистикасының қарашаңырағы. Бұл басылым тек ақпарат жеткізуші ғана емес, рухани құндылықтарды дәріптеуші де. Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі осы газетке толық сәйкес келеді. Бір ғасырлық тарихы бар қарашаңырақтың ұжымы халыққа қызмет етуді абыроймен жалғастырып келеді. Газеттің оқырманы мол, шығармашылық табысы көп болсын! – деді. Әкім басылым ұжымының үздік өкілдерін марапаттап, редакцияға автокөлік сыйлады.
Мерекелік шарада облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев газеттің журналистеріне ҚР «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілері мен министрліктің құрмет грамоталарын табыстады. Қатысушылар ұжымның еңбегін жоғары бағалап, ізгі тілектерін арнады.
Мерейтой аясында «Жібек жолы» саябағында газеттің 100 жылдығына арналған аллея ашылып, 100 түп ағаш отырғызылды. Сондай-ақ, «Оңтүстік Қазақстан – тарих толқынында» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, басылымның өткен жолы мен келешегі талқыланды. Газеттің бай мұрасын бейнелейтін фотокөрме ұйымдастырылып, мерекелік концертпен жалғасты.
«Оңтүстік Қазақстан» газеті Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың бастамасымен шыққан «Ақжол» газетінен бастау алады. Бір ғасыр ішінде бұл басылым елдің руханиятына еңбек сіңірген талай қаламгерлердің ордасы болды. Қазіргі таңда газеттің шығармашылық ұжымы ұлттық құндылықтарды насихаттап, қоғамға тың серпін беріп келеді.
Бір ғасырда газетті 30-дан астам редактор басқарған. Әсет Тілеукеев, Әмірсейіт Әлиев, Кәрім Үкібаев, Анар Бәкірова сынды танымал тұлғалар оның тарихында ерекше із қалдырды.
Қазіргі уақытта «Оңтүстік Қазақстан» – еліміздің ең байырғы әрі беделді басылымдарының бірі болып саналады.
Отправить комментарий