РЕСПУБЛИКА БОЙЫНША АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА ӨНДІРІЛГЕН ЖАЛПЫ ӨНІМНІҢ 13 ПАЙЫЗЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА ТИЕСІЛІ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта инвестиция тарту, өнімдерді терең өңдеу, су үнемдеу технологияларын енгізу сияқты жұмыстар қарқын алмақ. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері қаралған жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров аудан және қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді. Ол бекітілген көрсеткіштерге қол жеткізе алмаған басшыларға ескерту жасап, жұмысты жандандыруды тапсырды.

– Түркістан облысы үшін ауыл шаруашылығы саласы маңызды бағыт болып табылады. Сондықтан әр ауданның ерекшелігін ескере отырып, шаруашылықты дамытуымыз қажет. Ет, сүт өндірісі мен инвестиция тарту көрсеткіштері төмен аудандар бұл мәселеге ерекше назар аударсын. Жауапты басқармалар мен әкімдіктер осы бағыттағы жұмыстарды күшейтсін, – деді Нұралхан Көшеров.

Облыста ауыл шаруашылығы саласын 7 негізгі бағыт бойынша дамыту көзделген. Егіс көлемі 37 мың гектарға артып, 906,2 мың гектарды құрайды деп жоспарлануда. Су үнемдеу технологиялары қосымша 47 мың гектарға енгізіледі. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту және жалпы құны 155 млрд теңге болатын 35 жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде 7 қайта өңдеу кәсіпорны ашылады.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында 62 жаңа кооператив құрылып, бұл мақсатқа 7,4 млрд теңге бөлінбек. Сондай-ақ, облыста су нысандарын қалпына келтіру жұмыстары жалғасады. Түркістан облысы республикадағы ауыл шаруашылығы өнімінің 13%-ын өндіре отырып, көшбасшы өңірлердің қатарында келеді. Агроөнеркәсіп кешеніне тартылған инвестиция көлемі 146,1 млрд теңгеге жеткен.

Отправить комментарий