Сайрамда жастармен өткен форумда құқық бұзушылықтың алдын алу жолдары кеңінен талқыланды

Сайрам ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен Ақсукент және Қарабұлақ ауылдарында «Заң мен тәртіп» атты ауқымды форум өтті. Бұл шараның басты мақсаты – жастар арасында құқықбұзушылықтың, әсіресе нашақорлық, ерте жүктілік, діни экстремизм, интернет алаяқтық және өз-өзіне қол жұмсау сынды өзекті мәселелердің алдын алу.

Форумға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Сараптама бөлімінің мүшесі, танымал теолог Қабылбек Әліпбайұлы, Әлем чемпионы Біржан Жақыпұлы, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері мен құқық қорғау органдары, сондай-ақ аудан жастары мен мұғалімдер қатысты.

Шара барысында Қабылбек Әліпбайұлы жастарға діни сауаттылықтың маңыздылығын түсіндіріп, теріс ағымдардан сақтану жолдарын нақты мысалдар арқылы жеткізді. Ал Біржан Жақыпұлы өз өмір жолы мен жетістіктері арқылы жастарды салауатты өмір салтына шақырып, еңбек пен табандылықтың арқасында кез келген жетістікке жетуге болатынын айтты.

Форумда сөз алған мамандар қылмыстың алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан іс-шаралар жайында баяндады. Жастарды ақпараттық қауіптерден қорғау, әлеуметтік желілердегі алаяқтық әрекеттерден сақтану жолдары да кеңінен түсіндірілді.

Жиынның әсерлі өтуі үшін арнайы дайындалған сахналық қойылымдар ұсынылып, нақты өмірден алынған жағдайлар көрініс тапты. Бұл қойылымдар жастарға теріс әрекеттердің салдарын көрсету арқылы терең ой тастады.

Аталған форум – жастарды жаман әдеттерден, теріс әрекеттерден аулақ ұстауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын айтты.

Отправить комментарий