Президент кеңесшісі Түркістан облысының білім саласы қызметкерлерімен кездесті
ТҮРКІСТАН. 2025 жылдың сәуірі – ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Түркістан облысына арнайы іссапармен келіп, өңірдің білім саласы қызметкерлерімен кездесу өткізді. Жиын Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың қатысуымен өтті.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Көкшетау төрінде өткен IV Ұлттық құрылтайда жария еткен бастамалары кеңінен сөз болды. Атап айтқанда, Президент «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының атауын «Адал азамат» деп өзгертуге қолдау білдіріп, бұл құжаттың жас ұрпақтың рухани-адамгершілік болмысын қалыптастыруда негізгі бағдар болатынын атап өтті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы өз сөзінде кәсіби-техникалық білім беру жүйесін жаңғырту қажеттігін көтеріп, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл бастама аясында қоғамда жұмысшы мамандықтарына деген көзқарасты өзгертіп, жастардың бұл салаға қызығушылығын арттыру көзделуде.
Жиында №8 колледж директоры Нұрсұлу Абдешқызы осы бағытта өңірде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Оның айтуынша, қазіргі таңда Түркістан облысында 50 колледжде 75 мамандық бойынша 45 530 студент білім алуда. Оның ішінде 30 колледжде жұмысшы мамандықтарға 16 100 студент оқып жатыр. Биылғы 2024-2025 оқу жылына 15 525 грант бөлінсе, 2025-2026 жылға 15 500 орын жоспарланып отыр. Оның 9 500-і жұмысшы мамандықтарға арналған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1000 орынға артық.
Сондай-ақ Сарыағаш ауданындағы №4 мамандандырылған мектеп-интернатының директоры Дәне Мұрат “Адалдық – мектептегі тәрбиенің біртұтас миссиясы” жобасымен таныстырып, оқушыларға адалдық пен еңбекқорлықты дарытудың маңыздылығына тоқталды.
Кездесу қорытындысында Президент кеңесшісі Мемлекет басшысы тапсырмаларын сапалы орындау үшін білім беру жүйесінің барлық буыны бірлесіп жұмыс істеу керектігін атап өтті. Білім сапасы мен мазмұнын арттыру бағытында қолға алынған нақты шаралар облыстың білім беру деңгейін жаңа сапаға көтереді деген сенім білдірілді.
Отправить комментарий