Түркістан облысында түйе көтеретін палуан тұрады ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ. Сайрам ауданына қарасты Оймауыт ауылында ерекше күш иесі өмір сүреді. Жерлестері «Бөрте» деп атайтын Біржан Сағадатұлы ешқандай арнайы дайындықсыз-ақ түйе көтеріп, көлік сүйрейтін қасиетімен көпшілікті таңғалдырып жүр. Біржан — алып күштің иесі. Оның айтуынша, спорт залға барып, арнайы жаттығулар жасамаған. Күш-қуаты табиғи түрде дарыған. – Арнайы дайындықтан өтпедім. Шынығу залдарына бармаймын. Ауыр заттарды қиналмай-ақ көтере беремін. Бұл — Алланың берген күші, – дейді ол. Оның бұл ерекшелігі кездейсоқ емес. Біржан өзіне бұл қасиет атасы Жақыпбектен дарығанын айтады. Жергілікті тұрғындар кезінде Жақыпбектің көліктің моторын жалғыз өзі көтергенін еске алады. Біржан балалық шағында қозы мен лақты көтеріп өскен. Кейін қой, қошқар, тіпті, түйені де иығына салып жүре беретін күшке ие болды. Қазір оның әлеуметтік желідегі видеолары көпшіліктің қызығушылығын тудырып отыр. Желіде Біржанның түйе көтеріп, есектің үстіндегі баланы оңай көтеріп алғаны, жеңіл көлікті қозғалтқаны, тіпті, үлкен тастарды қысып алып жүгіргені бейнеленген. Бұл видеолар оқырмандар тарапынан жақсы пікірлер мен жылы лебіздерге ие болды. Жерлестері оны атақты Қажымұқан Мұңайтпасұлының жолын жалғаушы деп біледі. Ауылдастарының айтуынша, Біржан тек күш иесі ғана емес, салмақты мінезді, тәрбиелі азамат ретінде де құрметке ие.

Previous post

Президент кеңесшісі Түркістан облысының білім саласы қызметкерлерімен кездесті

Next post

Созақтық 99 жастағы майдангер – Түркістандағы тірі тарих ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ. Созақ ауданы — Ұлы Отан соғысы жылдары 6 мыңға жуық азаматты майдан даласына аттандырған өңір. Сол мыңдаған жауынгердің арасынан бүгінде көзі тірі тек бір ғана ардагер қалды. Ол — 99 жастағы Мырзахмет Жылысбаев. Қария жасының ұлғайғанына қарамастан, тың. Көңіл-күйі сергек, естеліктері анық. 18 жасында соғысқа аттанған бозбала бүгін де сол күндердің елесі мен жүректегі отты жылдарды ұмытқан жоқ. – 1944 жылдың қарашасында мені түн ішінде әскерге алып кетті. Ол кезде сауаты жоқ ересектерге хат танытып жүрген едім. Майдан даласында №92 автоатқыштар полкінің құрамында болдым, – дейді майдангер. Мырзахмет ақсақал Отан үшін от кешкен сәттерін еске алып, еш қорықпағанын айтады. – Қорыққан жоқпын. Алдымыздағы мақсат – елді, жерді қорғау, фашистерді жеңу еді. Егер қорықсам, соғысқа сұранып та бармас едім. Бауыржан Момышұлы «соғысқа бір кіріп шығудың өзі – ерлік» деген. Біз сол ерліктің куәсі болдық, – дейді ол. Бүгінде Созақ жеріндегі жалғыз соғыс ардагері – тұтас бір дәуірдің тірі куәгері. Қарияның өмір жолы жас ұрпаққа отансүйгіштік пен қайсарлықтың айқын үлгісі.

Отправить комментарий