Кентауда 2 миллион теңгенің ірі қарасын ұрлаған төрт күдіктінің үшеуі сотталды
Түркістан облысына қарасты Кентау ауданында мал ұрлығы дерегі тіркелді. Ауыл тұрғыны Кентау аудандық полиция басқармасына арыз түсіріп, үйінде болмаған сәтте қорасынан 8 бас сиыры ұрланғанын хабарлаған, деп жазады Azatnews.kz.
Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреулер оның ауласындағы қораға кіріп, барлық ірі қара малын алып кеткен. Келтірілген шығын көлемі 2 миллион теңгеге бағаланған. Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы, яғни «Ұрлық» дерегі бойынша тіркеліп, полицейлер жедел тергеу амалдарына кірісті.
Тәртіп сақшылары мал тасымалдайтын көліктерді, жақын маңдағы мал базарларды түгел тексеріп, жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Жедел уәкілдердің кәсіби жұмысының нәтижесінде бар болғаны бір күн ішінде ұрлық жасағандар анықталып, 8 бас ірі қара түгелімен табылды.
Тергеу барысында күдіктілер көршілес ауылдың тұрғындары екені анықталды. Олар жәбірленушінің үйінде ешкім жоқ екенін біліп, алдын ала сөз байласу арқылы ұрлыққа барған. Қолға түскен үшеу ұсталып, бір күдіктіге іздеу жарияланды. Тергеу амалдары кезінде олардың малдың екеуін таныстарының үйінде сойып, етін өзара бөліп алғаны белгілі болды. Ал қалған алты сиыр сол күйі сатылмай, дер кезінде тәркіленіп, иесіне қайтарылды.
Сот үкімімен ұсталған үш азаматтың әрқайсысына 5 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Ал төртінші күдікті де көп ұзамай қолға түсті. Қазіргі уақытта оған қатысты тергеу жалғасып жатыр. Іс толық аяқталған соң ол да сотқа жіберіледі.
Кентау аудандық полиция басқармасының мәліметінше, соңғы жылдары мал ұрлығы деректері азайып келе жатқаны байқалады. Дегенмен, кейбір ауылдық аймақтарда мұндай деректер әлі де кездесіп отыр. Бұл оқиға — құқық қорғау органдарының жедел әрекетінің арқасында мал иесінің шығыны толық өтелген сирек жағдайлардың бірі.




Отправить комментарий