Қостанайда науқас соққыға жыққан хирургтың жағдайы ауыр

Қостанайда науқас шабуыл жасаған Антон Кистанов санитарлық авиация бортымен елордалық шұғыл медицина орталығына жіберіледі. Дәрігердің жағдайы ауыр, деп хабарлайды Azatnews.kz.

Антонның жағдайы туралы мәліметті әріптестері айтты. Қазір хирургты елордаға жатқызуға дайындап жатыр екен.

«Кистановқа жабық бас миының ауыр жарақаты, бастың оң жақ бөлігінен жедел субдуральды қан кетуі, желке сүйегінің сынуы, төменгі еріннің шырышты қабығының көгерген жарасы және желке аймағының жұмсақ тіндерінің көгеруі диагнозы қойылды. Шұғыл көмек пен телемедициналық консультациялар көрсетілгеннен кейін, бүгін Кистановты медавиация бортымен Астанаға емделуге жіберу туралы шешім қабылданды», деп хабарлады Қостанай облыстық ауруханасының баспасөз қызметі.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова болған жағдайды талқылады. Нәтижесінде Қостанай облысының ірі медициналық мекемелерінде күзет бекеттері орнатылатын болды.

«Бірінші кезекте бұл — облыстық және қалалық ауруханалар. Күзетті полиция департаменті жанындағы мамандандырылған күзет қызметі қамтамасыз етеді. Бұл ІІМ жүйесіне кіретін мемлекеттік құрылым. Күзет аурухана ішінле тұрақты кезекшілікпен жұмыс істейді. Медицина қызметкерлері жұмыс орнындағы қауіпсіздігі үшін қорықпауы керек. Олар қауіпсіздіктері қорғалғанына сенімді болуы керек», — деді өңір басшысы.

Отправить комментарий