ТҮРКІСТАН: КЕЛЕС АУДАНЫНДАҒЫ КАНАЛДАРҒА КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖАСАЛАДЫ
ТҮРКІСТАН: КЕЛЕС АУДАНЫНДАҒЫ КАНАЛДАРҒА КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖАСАЛАДЫ
Түркістан облысы Келес ауданында суармалы жерлердің көлемін арттыру мақсатында каналдарды жөндеу мен тазалау жұмыстары жалғасуда. Биыл ауданда жалпы ұзындығы 86,9 шақырымды құрайтын 32 канал мен қашыртқыны механикалық тазалау жоспарланған. Бүгінге дейін 8 нысанда, яғни 27,3 шақырымға тазалау жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда, Ошақтыда – 16,5 км, Қошқаратада – 6,8 км, Алпамыс батыр ауылдық округінде – 4 км канал тазартылды.
Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен жиында айтылды. Қазіргі таңда аудандағы су шаруашылығының теңгерімінде 1 051 шақырымнан асатын 148 канал мен 144 қашыртқы бар. Сонымен қатар Келес өзені бойында орналасқан «Ақылбексай» су қоймасында 10,9 млн текше метр су жиналған. Су бөгеттерінің жұмысы тұрақты.
Жиында бірнеше каналға қатысты күрделі жөндеу жобалары таныстырылды. Соның бірі – Саңырау каналы, оған арналған жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамадан өткен. Құны – 2,5 млрд теңге. Бұл жоба іске асса, 1 850 гектар жер қайта айналымға қосылады.
Игілік каналының да құны 1,3 млрд теңге болатын жобасы дайын. Ал Шошым каналының ұзындығы 27,2 км болса, оның 11,5 км бөлігі Келеске тиесілі. Құны – 5,2 млрд теңге. Қазір бұл канал арқылы 725 гектар суарылып отыр, жоба толық іске қосылғанда суармалы жер көлемі 1 407 гектарға жетпек.
Сондай-ақ тағы 10 каналдың құжатын әзірлеуге қаржы бөлініп, тамыз айында конкурс өткізу жоспарланып отыр. Бұл жобалар жүзеге асса, қосымша 4 068 гектар жер суға қол жеткізіп, барлығы 11 621 гектар егістікке су беру сапасы жақсарады.
Отправить комментарий