Түркістан облысында сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа бағыты: ішкі талдау жүйесі күшейтіледі

 

Түркістан облысында мемлекеттік аппараттың ашықтығын қамтамасыз етіп, жемқорлыққа жол бермеу мақсатындағы реформалар жүйелі түрде жалғасуда. Соның бірі ретінде өңірде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау тетіктерін жетілдіру жөнінде кең ауқымды жиын өтті.

Облыс әкімінің аппаратында өткен бұл мәжілісте төртінші үлгілік базалық бағыт – ТБН-4 жобасының аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен жетілдіру жолдары сараланды. Іс-шараға облыстық басқармалар, аудан және қала әкімдіктерінің жауапты өкілдері мен құқықтық бөлім мамандары қатысты.

Жиынды ашқан облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Айдос Тоғызбаев өз сөзінде бұл бастаманың тек техникалық міндет емес, мемлекеттік басқарудың сапасын арттыратын маңызды құрал екенін атап өтті.

– Ішкі талдаулар арқылы біз өзіміздің әлсіз тұстарымызды анықтап, нақты қауіптерге дер кезінде тосқауыл қоя аламыз. Бұл ретте формалды есеп үшін емес, нақты нәтиже үшін жұмыс істеуіміз қажет. Жүйелі түрде жүргізілген талдаулар – жемқорлықпен күрестегі басты қадам, – деді ол.

Соңғы бір жыл ішінде облыс көлемінде ондаған мемлекеттік мекемелерде ішкі сараптама жұмыстары жүргізіліп, тәуекел карталары жасалған. Бұл карталар мекемелердегі процестерді ашық жүргізуге, сыбайлас жемқорлық қауіпін ертерек анықтауға мүмкіндік береді.

Мәжіліс барысында облыс әкімі аппаратының мемлекеттік-құқық бөлімінің басшысы Боранбай Есқараев пен осы бағыт бойынша жауапты маман Балнұр Үпібек атқарылған шаралар мен нақты нәтижелерді баяндап берді. Олар мекемелерге жүктелген міндеттерді, оның ішінде комплаенс офицерлердің жұмысына қатысты жауапкершілікті де нақтылап өтті.

Талқылау барысында бірқатар басқармалар мен аудан, қала әкімдіктерінің ішкі бақылау жүйесіндегі олқылықтары сынға алынды. Жауапты тұлғалар есеп беріп, кемшіліктер бойынша нақты тапсырмалар алды. Құжаттар ұсынбаған мекемелерге қатысты шара қабылданатыны қатаң ескертілді.

Жиын соңында барлық қатысушыларға ішкі талдау жұмыстарын нақты әрі сапалы жүргізіп, мерзімінде ақпарат ұсыну, комплаенс офицерлердің белсенділігін арттыру, сонымен бірге осы саладағы есептілікті тұрақты бақылауға алу міндеттелді.

Бұл бастама Түркістан облысында жемқорлықпен күресті қағаз жүзінде емес, нақты әрекетпен жүргізуге бағытталған жүйелі қадамдардың бірі. Ішкі талдау – мемлекеттің тазалығы мен сенімін қамтамасыз етудің тетігі ретінде маңызын арттыра түсті.

Ораз Бердалы©

Отправить комментарий