Кентауда түнгі бақылау күшейтілді: жасөспірімдер қадағалауға алынды

Түркістан облысы аумағында жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында бірқатар шұғыл шаралар қолға алынуда. Солардың бірі – Кентау қаласында жүзеге асырылып жатқан «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы. Бұл бастама облыстық полиция департаменті басшылығының тапсырмасына сәйкес жүргізілуде.

Кешкі және түнгі уақытта балалардың ата-анасыз көшеде немесе ойын-сауық орындарында жүруі – түрлі құқықбұзушылық пен қылмыстық жағдайларға жол ашатыны белгілі. Осы қауіптің алдын алу үшін Кентау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері қала аумағында рейдтік жұмыстарды күшейтті. Тәртіп сақшылары адамдар жиі жиналатын орындарда, саябақтар мен ойын-сауық мекемелерінде кешкі рейдтер ұйымдастырып, балалардың қауіпсіздігін қадағалауға басымдық берді.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 42 жасөспірім полиция бөлімшесіне жеткізіліп, олардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ата-аналарға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің талаптары мен өздерінің жауапкершіліктері ескертілді. Кейбір жағдайларда әкімшілік жаза қолдануға да тура келген.

Ең алаңдатарлығы – анықталған балалардың арасында тәртібі бұзылған, құқықбұзушылыққа бейім және күрделі әлеуметтік жағдайдағы отбасылардан шыққан жасөспірімдер де бар. Атап айтқанда, 3 жас кәмелетке толмаған бала тәртіп сақшыларының ерекше бақылауына алынып, олар және олардың отбасылары ішкі істер бөлімінің есебіне тіркелді.

Бұл тек бір күндік рейдтің нәтижесі емес, жүйелі жұмыс. Мұндай шаралар – жасөспірімдердің түнгі уақытта бақылаусыз жүруінен туындайтын қауіптердің алдын алуға бағытталған нақты қадам. Полицейлердің айтуынша, мұндай әрекеттердің арқасында балаларды ерте кезеңде қауіптен қорғау, олардың бос уақытын тиімді өткізуге ықпал ету және ата-аналар жауапкершілігін арттыру көзделген.

Қоғамда балалардың қауіпсіздігін тек құқық қорғау органдары емес, әрбір ата-ана мен ересек азамат назарда ұстауы тиіс. Бүгінгі рейд – бұл тек тәртіп сақшыларының жұмысы емес, қоғамның болашағына деген ортақ жауапкершіліктің көрінісі.

Кентауда жүргізіліп жатқан бұл бастама алдағы уақытта да жалғасып, мектептермен, білім бөлімдерімен және қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста жүзеге аспақ. Тәртіп сақшылары ата-аналарға түнгі мезгілде балаларының қайда жүргенін бақылап, заңсыз әрекеттерге жол бермеуге шақыруда.

Отправить комментарий