Қоғамдық тәртіпті сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз!
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жариялаған «Профилактика жылы» шеңберінде, сондай-ақ Түркістан облысы Полиция департаменті басшылығының тапсырмасына сәйкес өңір полицейлері тарапынан құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау бағытында бірқатар іс-шаралар қарқынды түрде жүргізілуде. Бұл рейдтік жұмыстар облыс орталығы – Түркістан қаласында да жалғасын тапты.
Ауқымды рейд барысында полицейлер азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу, жол-көлік тәртібін бақылау және кәмелетке толмағандардың қатысуымен орын алатын заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында жоспарлы шаралар атқарды.
Іс-шара нәтижесінде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған 350-ге жуық жүргізуші анықталып, оларға әкімшілік хаттамалар толтырылды. Бұл – қоғамдық қауіпсіздік пен жолдағы тәртіптің сақталуына ерекше көңіл бөлініп жатқандығын көрсетеді. Сонымен қатар, құқықтық жүйеге енгізілген цифрлық технология – «Қорғау» бағдарламасының көмегімен айыппұлдарын уақытында төлемеген 18 автокөлік айыптұраққа қойылды. Бұл шаралар заң талаптарының орындалуын қадағалау мақсатында жүзеге асырылуда.
Одан бөлек, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түнгі уақытта, яғни сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдерінсіз үйден тыс жүру фактілері де назардан тыс қалмады. Рейд барысында 21 жағдай анықталып, жасөспірімдердің ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әкімшілік шаралар қабылданды. Мұндай алдын алу шаралары балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтық жауапкершілігін арттыру үшін аса маңызды.
Сонымен қатар қоғамдық орындарда, атап айтқанда ойын-сауық орталықтары мен қоғамдық тамақтану орындарында (кафелерде) кальян (қорқор) шегу фактілері де тіркелді. Аталған рейд нәтижесінде 12 азаматтың кальян шеккені, сондай-ақ 5 кафе иесінің кальян ұсынуға жол бергені анықталып, оларға қатысты заң аясында тиісті шаралар қолданылды.
Мысалы, Түркістан қаласындағы көңіл көтеретін мекемелердің бірінде 25 жастағы бойжеткеннің кальян шегу дерегі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, оған темекі және кальян өнімдерінің зияндылығы жөнінде кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ қаланың «Жаңа қала» шағын ауданында орналасқан кафелердің бірінің әкімшісі кальян ұсынып, заң талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Түркістан облыстық Полиция департаменті бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатынын мәлімдеді. Облыс орталығы мен аудан-қалаларда мұндай кешенді рейдтер кезең-кезеңімен ұйымдастырылып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған түсіндіру, ескерту және заң шеңберіндегі шаралар жүргізіле бермек.
Құқық қорғау органдары өкілдері тұрғындарға «Заң бәрімізге ортақ!» дегенді еске сала отырып, қоғамдық тәртіпті бұзбауға, балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін сақтауға, жол қозғалысы ережелерін қатаң ұстануға шақырады. Әр азамат өзінің іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарап, еліміздегі құқықтық тәртіптің сақталуына үлес қосуы тиіс.
Қала тыныштығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі – тәртіп сақшыларының басты назарында. Сондықтан Түркістан қаласында және облыс бойынша жүргізілетін кешенді профилактикалық іс-шаралар жүйелі әрі үздіксіз түрде өткізіле береді. Бұл ретте жергілікті тұрғындардың да белсенді азаматтық ұстанымы мен тәртіпке бейілділігі маңызды рөл атқарады.




Отправить комментарий