Түлектердің қауіпсіздігі — полицейлердің бақылауында

Жыл сайын оқу жылының аяқталуын білдіретін «Соңғы қоңырау» мерекесі еліміздің барлық мектептерінде ерекше салтанатпен өтеді. Бұл күн – мектеп оқушылары, әсіресе 11-сынып түлектері үшін аса маңызды әрі есте қалатын ерекше сәттердің бірі. Ата-аналар мен ұстаздар қауымы үшін де бұл күн шәкірттерінің жаңа өмірге аттанар алдындағы соңғы мектептік белесін атап өтумен байланысты.

Дегенмен дәл осы кезеңде, яғни мектеп бітіру іс-шараларына байланысты кейбір оқушылардың қауіпсіздігіне төнетін қауіптер мен құқық бұзушылық фактілері тіркеліп жататыны да жасырын емес. Осыған байланысты, Ішкі істер органдарының қызметкерлері, оның ішінде Түркістан қалалық Полиция басқармасының полицейлері бұл күні күшейтілген режимде қызмет атқарады. Олар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жастар арасындағы заңбұзушылықтардың, жол-көлік оқиғаларының және түрлі оқыс жағдайлардың алдын алу бағытында бірқатар кешенді шаралар атқарады.

Атап айтқанда, полиция қызметкерлері соңғы қоңырау күні және одан кейінгі кешкі сағаттарда мектеп түлектерінің жаппай жиналатын орындарында, ойын-сауық мекемелері мен саябақтарда рейдтік жұмыстар жүргізеді. Сонымен қатар автокөлікті жалға беретін орындар арнайы бақылауға алынып, кәмелетке толмағандарға көлік кілтін беру фактілерінің алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылады.

Мәселен, Түркістан қаласында соңғы қоңырау қарсаңында жүргізілген арнайы іс-шара барысында Полиция басқармасының қызметкерлері бірнеше автокөлікті жалға беру пункттерін аралап, ондағы жауапты тұлғалармен әңгіме жүргізді. Әңгіме барысында мекеме басшыларына ҚР заңнамасына сәйкес жүргізуші куәлігі жоқ тұлғаларға, әсіресе кәмелет жасына толмағандарға автокөлік беруге қатаң тыйым салынатыны ескертілді. Мұндай әрекеттер орын алған жағдайда мекеме иелері де, көлік жүргізушілері де әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны айтылды.

Өкінішке қарай, соңғы жылдары мектеп бітіруші түлектер арасында қымбат көліктерді жалға алып, қала ішінде шеру ұйымдастыру, кортежбен жүріп, жол қозғалысы ережелерін бұзу, тіпті өз өмірі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіру жағдайлары жиілеп барады. Бұл тек құқық бұзушылық емес, сонымен қатар қайғылы жағдайларға да себеп болуы мүмкін. Сондықтан жол ережесін елемей, қоғамдық тыныштықты бұзатын түлектер мен олардың ата-аналарына алдын ала ескерту беріліп, құқықтық түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуде.

Полиция өкілдері ата-аналарды балаларымен ашық әңгімелесуге, олардың жоспарлары мен іс-әрекеттерінен хабардар болуға шақырады. Бұл күн – тек қуаныштың ғана емес, жауапкершіліктің де күні екенін ұмытпаған абзал.

Мектеп бітіру кештері кезінде алкогольді ішімдіктерді қолдану, қоғамдық тәртіпті бұзу, жол ережелерін сақтамау, көлік құралдарын заңсыз басқару секілді құқықбұзушылықтар орын алуы мүмкін. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жергілікті атқарушы органдармен және білім бөлімдерімен бірлескен шаралар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар түнгі рейдтерге ювеналды полиция, әкімдік өкілдері, ата-аналар комитеттері де тартылуда.

Құрметті ата-аналар! Балаларымыздың өмірі мен денсаулығы – біздің ең басты құндылығымыз. Сондықтан мектеп бітіру сынды маңызды кезеңде олардың тәртібіне ерекше мән беріп, бақылауда ұстауларыңызды сұраймыз. Мереке – тек қауіпсіздік сақталған кезде ғана шын мәнінде қуанышқа айналатынын естен шығармайық.

Қоғамдағы әрбір азаматтың қауіпсіздігі – құқық қорғау органдары мен тұрғындардың бірлескен жауапкершілігі екенін еске сала отырып, Түркістан облысы Полиция департаменті барлық ата-аналар мен жастарды заңды бұзбауға, қоғамдық тәртіпті қатаң сақтауға және кез келген құқыққа қайшы әрекеттерден аулақ болуға шақырады.

Біздің басты байлығымыз – балалар, ал олардың алаңсыз білім алып, қауіпсіз әрі жарқын болашаққа қадам басуы – баршамыздың ортақ міндетіміз!

Отправить комментарий