Түркістан облысында нашақорлыққа қарсы күрес айлығы басталды
2025 жылғы маусым айында Түркістан қаласында «Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне» орайластырылған кең көлемді әлеуметтік-алдын алу іс-шараларының бір айлық марафоны салтанатты түрде ашылды. Ауқымды жоба Түркістан облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, облыс әкімдігі және басқа да тиісті мемлекеттік мекемелер мен ведомстволардың қолдауымен ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты — жастар мен қоғам өкілдерінің назарын нашақорлықтың зиянына аудару, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, есірткіге қарсы күресте жұртшылықтың белсенділігін арттыру, сондай-ақ «Профилактика жылы» аясында өңірде жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыру.
Жиынға мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, спортшылар, жергілікті тұрғындар мен қоғам белсенділері қатысты. Салтанатты ашылу рәсімі Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Құрманбек Сахов пен облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың қатысуымен өтті.
Өз сөзінде Құрманбек Сахов Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында есірткімен күресті күшейтудің маңыздылығы туралы айтқанын тілге тиек етіп, бұл мәселенің еліміздің болашағы — жастардың денсаулығы мен амандығына тікелей қатысты екенін ерекше атап өтті:
«Ел Президентінің Жолдауында айтылғандай, есірткімен күрес – ұлттық қауіпсіздік пен ұлт денсаулығы үшін маңызды мәселе. Әсіресе синтетикалық есірткілердің таралуы жастардың өміріне үлкен қауіп төндіреді. Біздің мақсат – есірткісіз қоғам құру. Осы жолда барлық сала бірігіп әрекет етуі қажет. ҚР ІІМ-нің «Профилактика жылы» аясында өңір басшысы Мұрат Қабденовтың тапсырмасымен Түркістан облысында жастарды қорғау және есірткіге қарсы күрес бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Баршаңызды бұл іске белсене араласуға шақырамыз!» — деді ол.
Іс-шара аясында қатысушылар назарына Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының (ЖҚАЖ) қызметкерлері өздерінің жауынгерлік әдіс-тәсілдерін көрсетті. Олар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен күрделі операциялар кезінде қолданатын тәсілдерін сахна төрінде паш етіп, көрермендердің ықыласына бөленді. Сонымен қатар кинолог мамандар өздерінің қызметтік иттерімен түрлі жаттығулар жасап, есірткі заттарын анықтау бойынша жұмыстардың қалай жүргізілетінін көрсетті.
Жиын барысында спортшылар мен белсенді жастар сахнаға шығып, есірткінің зиянына тоқталып, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен шұғылдануға және қоғамға пайдалы іспен айналысуға шақырды. Әлеуметтік акцияны қолдау мақсатында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, облысқа танымал өнер иелері мен жас әншілер өз өнерлерін ортаға салды. Бұл кеш көрермендерге тек пайдалы ақпарат қана емес, рухани серпіліс те сыйлады.
Іс-шара барысында келесі бағыттағы жұмыстар атқарылды:
Полиция қызметкерлері тарапынан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді;
Есірткінің адам өміріне, денсаулығына және қоғамға келтіретін зияны туралы жаднамалар таратылды;
Түрлі спорттық сайыстар, флешмобтар мен интерактивтер ұйымдастырылды;
Облыстық деңгейде білім беру ұйымдарымен бірлескен семинарлар, дөңгелек үстелдер мен ашық сабақтар өткізілетіндігі жарияланды.
Сонымен қатар, нашақорлықпен күрес саласындағы ахуалға байланысты нақты деректер де келтірілді. 2025 жылдың алғашқы 4 айында Түркістан облысында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 139 құқық бұзушылық фактісі анықталды, оның ішінде 18 дерек есірткі сату бойынша тіркелді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 200 килограмнан астам әртүрлі есірткі заттары заңсыз айналымнан тәркіленді. Бұл – құқық қорғау органдарының жүйелі жұмысының және қоғаммен тиімді өзара іс-қимылының нәтижесі.
Іс-шара соңында жиналған көпшілік облыстың белгілі әншілері, спортшылары мен өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға куә болды. Олар жастарға шабыт беретін патриоттық әндер мен өмірлік мәні бар шығармаларын орындап, жиынның мазмұнын арттыра түсті.
Қорытындылай келе:
Нашақорлық пен есірткі саудасы – тек құқықтық емес, әлеуметтік, медициналық және адами мәселе. Онымен күресте тек полиция мен мемлекеттік органдар емес, әр отбасы, әр азамат, әр ұстаз бен ата-ана белсенді болуы керек.
Түркістан облысында бастау алған бұл бір айлық акция – жастардың бойында жауапкершілік, саналы таңдау жасау қабілеті, зиянды әдеттерге қарсы иммунитет қалыптастыру жолындағы үлкен қадам.




Отправить комментарий