Түркістан облысында полиция тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді
Түркістан облысында қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жедел-профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл жұмыстар Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының тікелей тапсырмасымен «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету шеңберінде жүзеге асырылуда. Аталған шаралар облыс аумағындағы қылмыстың алдын алу, жол-көлік оқиғаларын азайту, құқық бұзушылыққа бейім азаматтарды бақылауда ұстау және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Кезекті профилактикалық іс-шаралар Бәйдібек және Созақ аудандарында өтті. Аталған аудандарда өткізілген рейдтерге патрульдік полиция батальонының қызметкерлері мен аудандық полиция бөлімдерінің мамандары жұмылдырылып, құқық бұзушылықтарды анықтау және жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыс жүргізілді.
Іс-шара барысында бірнеше бағытта тексерулер жүргізілді:
27 қару иесі тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеріліп, қарудың сақталу жағдайы мен тіркеу құжаттарының дұрыстығы тексерілді;
Профилактикалық есепте тұрған 32 азаматпен жеке профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл санаттағы азаматтардың қоғамдық орындардағы мінез-құлқы, құқық бұзуға бейімділігі, тұрмыстық жағдайы назарға алынды.
Сонымен қатар, «Қарасора – 2025» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Бәйдібек ауданындағы жеке үйлердің бірінің ауласынан құрамында есірткі заты бар 2 түп өсімдік тәркіленді. Аталған дерек бойынша қазіргі таңда барлық қажетті жедел-тергеу амалдары жүргізіліп, бұл фактіге қатысты тиісті сараптамалар тағайындалды. Нәтижесі бойынша шешім қабылданатын болады. Бұл есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бағытында атқарылып жатқан нақты іс-шаралардың бір көрінісі.
Жол қозғалысы саласында да бірқатар ереже бұзушылықтар анықталды. Жалпы саны 160-тан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелсе, соның ішінде 140-қа жуығы жол қозғалысы ережесін бұзу деректері болды. Полиция қызметкерлері тарапынан:
Мас күйде көлік басқарған екі жүргізуші анықталып, олар заңнама талаптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар дрондар арқылы жүргізілген бақылау кезінде қарсы жолаққа шығып, өзге көлік құралдарының қозғалысына қауіп төндірген бірнеше жүргізуші анықталып, оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Барлығы 21 автокөлік айыптұраққа қойылып, құқық бұзушыларға қатысты заң талаптарына сәйкес шара қолданылды.
Бұл рейдтік іс-шарада заманауи техникалық құралдарды қолдану – патрульдік полиция қызметінің тиімділігін арттырып отырғаны сөзсіз. Дрондардың көмегімен жүргізушілердің жол ережесін өрескел бұзу әрекеттері дәл және нақты тіркеліп, заң бұзушылықтарды дәлелдеуде айқын материалдар ұсынылды.
Қоғамдық қауіпсіздікке қатысты жұмыстармен қатар, полиция қызметкерлері тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарын да жүргізді. Іс-шара барысында:
Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша маңызды ақпарат қамтылған,
QR-кодтары бар 500-ден астам ақпараттық жадынама таратылды. Бұл жадынамаларда интернет арқылы қосымша ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі қарастырылған, яғни әр азамат өзінің құқықтары мен міндеттері туралы мәліметті мобильді құрылғы арқылы ала алады.
Мұндай тәсіл халықпен тиімді байланыс орнатуға, құқық қорғау органдарына деген сенімді арттыруға және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері тұрғындарды құқық бұзушылықтар орын алған жағдайда жедел түрде 102 арнасына хабарласуға шақырды.
Түркістан облысы Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру тек профилактикалық шаралармен шектелмейді. Бұл – азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара сенімге негізделген құқықтық тәртіп жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Әрбір азаматтың тәртіпке бағынуы мен жауапкершілік танытуы – қауіпсіз қоғам құрудың басты кепілі.
Қорытындылай келе, полиция органдарының мақсаты – тек құқық бұзушылықтың жолын кесу ғана емес, сонымен қатар оның алдын алу, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және қоғамдық ортада қауіпсіздік деңгейін көтеру болып табылады. Осы бағыттағы жұмыстар өңірдің барлық аудандарында жалғасын табады. Ал тұрғындардан талап етілетіні – құқық қорғау органдарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, заң талаптарын сақтау арқылы қоғамдық тәртіпке өз үлесін қосу.




Отправить комментарий