Түркістан облысында қылмыстың төмендеуі — учаскелік полиция инспекторларының жетістігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау жүйесінің сервистік модельге көшуі мен оның азаматтарға ашық әрі қолжетімді болуын қамтамасыз етуге ерекше назар аударып келеді. Президент өз сөзінде бірнеше мәрте құқық қорғау органдарының жұмысын реформалауда учаскелік полиция инспекторларының рөлін күшейту, олардың мәртебесін арттыру, материалдық-техникалық базасын жақсарту және кадрлық әлеуетін нығайту қажет екенін атап өткен болатын.

Осы тапсырманы іске асыру аясында Түркістан облысында алғаш рет Полиция департаменті мен облыс прокуратурасының бірлесіп ұйымдастыруымен «Учаскелік полиция инспекторы – қауіпсіздік кепілі» атты ауданаралық слет өткізілді. Ауқымды іс-шара қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде учаскелік инспекторлардың маңызын арттыруға, олардың тәжірибе алмасуына және кәсіби тұрғыдан дамуына бағытталды.

Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары З. Жолдасов, облыстық полиция департаментінің бастығы М. Қабденов, облыс прокуроры М. Тілеубердиев, ҚР ҰҚК департаментінің басшысы Б. Қалмұрзаев, ҚР ІІМ Академиясының аға оқытушысы А. Қойшкен, Түркістан қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Г. Жанысбаева, кәсіби жаттықтырушы Г. Оспанова, сондай-ақ жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, БАҚ журналистері қатысты.

Слет аясында учаскелік полиция инспекторларының күнделікті қызметінің ерекшеліктері, құқық бұзушылықтардың алдын алу тәсілдері, халықпен сенімді қарым-қатынас орнатудың заманауи жолдары кеңінен талқыланды. Іс-шара шеңберінде семинар-тренингтер өткізілді, үздік учаскелік инспекторлар марапатталды. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, тұрғындармен тиімді жұмыс істеудің әдіс-тәсілдерін ортаға салды.

Облыстық полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов өз сөзінде учаскелік полиция инспекторларының жұмысын қолдау – қоғам қауіпсіздігін нығайтудың ең тиімді жолы екенін атап өтті:

– Азаматтардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау, «Алкогольсіз ауыл» жобасын ілгерілету, сондай-ақ нашақорлықпен күрес, интернет-алаяқтықтың және мал ұрлығының алдын алу – бұл учаскелік полиция инспекторларының негізгі міндеттерінің бірі. ҚР Ішкі істер министрлігінің қолдауымен олардың тиімді қызмет атқаруына барлық жағдай жасалуда. Бүгінде инспекторлар бейнежетондармен, планшеттермен, қызметтік автокөліктермен толықтай қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар жаңа учаскелік пункттер мен модульдік бекеттер ашылып, олардың жұмыс жағдайы едәуір жақсарды.

Қазіргі таңда Түркістан облысында 800-ге жуық учаскелік полиция инспекторы еңбек етуде. Олар құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға бағытталған профилактикалық іс-шараларды тұрақты негізде жүргізіп келеді.

Жыл басынан бері учаскелік инспекторлардың белсенді жұмысының арқасында облыс аумағында бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізілді:

  • бұрын сотты болғандар жасаған қылмыстар саны 3,9%-ға төмендеді;

  • мас күйінде жасалған қылмыстар 9,1%-ға азайды;

  • қоғамдық орындарда тіркелетін құқық бұзушылықтар 15,3%-ға кеміді;

  • көшедегі қылмыстардың саны 16%-ға төмендеді.

Бұл көрсеткіштер учаскелік полиция қызметінің тиімділігін нақты дәлелдейді. Халықпен ашық диалог орнату, азаматтардың өтініштерін жедел қарау, тұрғындардың сенімін арттыру – бүгінде полиция қызметінің басты басымдығы болып отыр.

Слет барысында сөз сөйлеген қатысушылар құқық қорғау саласының алдында тұрған жаңа міндеттер мен сын-қатерлерді атап өтіп, оларға қарсы тұру үшін өзара ықпалдастық пен үйлесімді жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Қатысушылар ішкі істер саласындағы реформаларды қолдайтындарын білдіріп, азаматтық қоғаммен әріптестікті нығайту қажеттігін тілге тиек етті.

Сондай-ақ, слет аясында инспекторлардың қызметтік дайындығына арналған тәжірибелік семинар өткізілді. Мұнда кәсіби жаттықтырушылар мен ІІМ өкілдері учаскелік полицейлерге арналған жаңа әдістемелер мен стандарттар бойынша шеберлік сабақтарын ұйымдастырды. Бұл шара инспекторлардың біліктілігін арттыруға, жаңашыл көзқарасты қалыптастыруға ықпал етті.

Слет соңында барлық қатысушылар естелік суретке түсіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірлескен күш-жігердің маңыздылығын тағы бір мәрте атап өтті. Іс-шара ұйымдастырушылары құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың бірлесе отырып, «Жұртқа жақын полиция» қағидатын нақты іске асыру жолында жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.

Отправить комментарий