Түркістан облыстық полиция департаментінің «CyberPol» тобының бастығы Ермек Шәкіммен сұхбат

Қазіргі таңда интернет-алаяқтық Қазақстанның барлық өңірлерінде өзекті мәселеге айналып отыр. Түркістан облысында да бұл қылмыс түрі кең таралған. 2025 жылдың алғашқы жартысында өңірде интернет-алаяқтыққа қатысты 120-дан астам қылмыс тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 5,5%-ға артқан. Бұл жағдайға байланысты Түркістан облысы полиция департаменті «CyberPol» арнайы тобын құрып, киберқылмысқа қарсы кешенді шараларды жүзеге асыруда. Осы орайда, «CyberPol» тобының бастығы Ермек Шәкіммен сұхбаттасып, интернет-алаяқтықтың алдын алу шаралары, қолданылып жатқан технологиялық әдістер және құқық қорғау органдарының ынтымақтастығы туралы сұрадық.

 Ермек мырза, Түркістан облысында интернет-алаяқтық қылмыстарының саны қандай деңгейде?

 Жауап:  Биылғы жылдың алғашқы 8 айында Түркістан облысында интернет-алаяқтыққа қатысты 120-дан астам қылмыс тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,5%-ға жоғары. Өкінішке орай, бұл қылмыс түрі әлі де өзекті болып отыр.

«CyberPol» тобының негізгі міндеттері қандай?

Жауап: «CyberPol» тобының басты міндеті – интернет арқылы жасалатын қылмыстарды анықтау, алдын алу және оларды ашу. Біз ақпараттық технологиялар саласындағы заң бұзушылықтарға қарсы кешенді іс-шаралар жүргізудеміз.

Қазіргі уақытта қандай алдын алу шаралары қабылданып жатыр?

Түркістан облысында интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында полиция департаменті кешенді шаралар қабылдауда. Облыс тұрғындарына арналған арнайы семинарлар, тренингтер және вебинарлар ұйымдастырылып, азаматтарға интернеттегі қауіпсіздік шаралары түсіндірілуде. Әлеуметтік желілерде және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында арнайы ақпараттық науқандар жүргізілуде. Мәселен, «Интернеттегі қауіпсіздік» тақырыбында кеңестер беретін бейнероликтер таратылуда. Арыс және Сауран аудандарында халықпен кездесулер ұйымдастырылып, азаматтарға интернет-алаяқтықтың алдын алу шаралары туралы түсіндірілді. Тәртіп сақшылары 1000-нан астам жадынама таратты

Қандай технологиялық әдістер қолданылып жатыр?

Полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күресте заманауи технологияларды қолдануда. Арнайы бағдарламалық жасақтамалар арқылы фишингтік сайттар мен жалған парақшалар анықталуда. Интернеттегі анонимділікті бұзып, қылмыскерлердің нақты орналасқан жерін табуға мүмкіндік беретін құралдар қолданылады. Бұл әдістер халықаралық тәжірибелерге негізделген және тиімділігін дәлелдеген.

Қазіргі уақытта қандай қылмыстар кең таралған?

Қазіргі уақытта алаяқтар көбінесе «интернет-несие» схемасын пайдаланады. Олар азаматтарды «ақшаңызды көбейтіп беремін» деп алдап, онлайн-несие рәсімдейді. Мысалы, өткен жылы 80-нен астам тұрғынды алдап, 337 миллион теңге шығын келтірген күдікті ұсталды.  Бұл қылмыс түрі әсіресе жастар арасында кең таралған.

Құқық қорғау органдары мен басқа да ұйымдармен ынтымақтастық қалай ұйымдастырылған?

Полиция департаменті интернет-провайдерлермен, банк жүйелерімен, ұялы байланыс операторларымен, сондай-ақ ІТ-компанияларымен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Сонымен қатар, халықаралық құқық қорғау органдарымен де байланыс орнатылған, себебі киберқылмыстардың көпшілігі шекаралардан тыс жүзеге асады. Бұл ынтымақтастық қылмыстарды анықтау және алдын алу жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, тұрғындарға қандай кеңес берер едіңіз?

Интернетті пайдалану кезінде өте сақ болу қажет. Күдікті сілтемелерге баспау, жеке деректерді ешкімге бермеу, ресми сайттар мен сервистерді пайдалану өте маңызды. Егер алаяқтыққа тап болсаңыз, дереу полицияға хабарласыңыз. Біз әрбір шағымды мұқият қарастырамыз және қолымыздан келгенше көмектесуге дайынбыз. Сонымен қатар, тұрғындарды цифрлық сауаттылықтарын арттыруға шақырамыз. Бұл өз кезегінде интернеттегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Отправить комментарий