ЖОЛ КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ – ӨЗ ҚОЛЫҢЫЗДА!
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес еліміз бойынша, оның ішінде ауданымызда да жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау және құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында «ҚАУІПСІЗ ЖОЛ» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы қарқынды түрде жүргізілуде. Бұл шара – тек қана тәртіп бұзушыларды анықтап, жазаға тарту емес, ең алдымен жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ауқымды іс-шара.
Аталған профилактикалық шара аясында полиция қызметкерлері күнделікті қызмет барысында көлік жүргізушілердің ереже сақтау деңгейіне ерекше назар аударуда. Әсіресе жолда мас күйінде көлік тізгіндеу, белгіленбеген жерде басып озу, жаяу жүргіншілерге жол бермеу, қиылыстарда қозғалыс ережелерін бұзу, қауіпсіздік белдігін тақпау, сондай-ақ көлік жүргізу барысында ұялы телефон пайдалану секілді ең жиі кездесетін және ең қауіпті заңбұзушылықтарға басымдық берілуде. Арыс ауданында өткізілген «Қауіпсіз жол» іс-шарасының алғашқы күндерінің өзінде-ақ 179 түрлі құқық бұзушылық фактілері тіркеліп, тиісті әкімшілік шаралар қолданылды. Бұл көрсеткіш, өкінішке қарай, әлі де болса кейбір жүргізушілердің жол ережелеріне салғырт қарайтынын көрсетіп отыр. Полиция қызметкерлері әрбір бұзушылыққа толтырылған хаттама негізінде заң аясында тиісті шараларды қолданып, құқықтық жауапкершілікті күшейтуде. Жол ережесін бұзу – жай ғана құқық бұзушылық емес, бұл – өз өміріңізге және айналаңыздағы адамдардың өміріне қауіп төндіру деген сөз. Мысалы, мас күйде көлік жүргізу адам өмірін тікелей қауіпке тігетін ең ауыр құқықбұзушылықтардың бірі. Осындай жағдайлардың салдарынан орын алатын жол-көлік оқиғалары көбіне адам шығынымен немесе ауыр жарақатпен аяқталып жатады. Сондықтан әрбір жүргізуші бұл тұрғыда өз әрекетінің салдарына жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері тек құқық бұзушылықтардың жолын кесіп қана қоймай, жолда жүру мәдениетін арттыру, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын көтеру мақсатында түсіндірме жұмыстарын да жүргізуде. Әртүрлі форматтағы үгіт-насихат парақшалары таратылып, мектептер мен мекемелерде жол ережесіне қатысты лекциялар мен кездесулер ұйымдастырылуда. Бұл – болашақта құқық бұзушылықтар санын азайтып, жол-көлік апаттарының алдын алудың маңызды тетігі.
Сонымен қатар, мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдер арасында да жолда жүру ережелерін түсіндіру мақсатында арнаулы сабақтар мен тренингтер өткізіліп жатыр. Себебі жолда жүретін тек жүргізушілер ғана емес, жаяу жүргіншілер де – жол қозғалысының тең құқылы қатысушылары. Әсіресе балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қоғамның ортақ міндеті. Ішкі істер органдары жүргізіп отырған мұндай кешенді шаралардың түпкі мақсаты – азаматтарымыздың қауіпсіздігін сақтау, жол апаттарының алдын алу және құқық бұзушылық деңгейін төмендету. Арыс аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бұл бағытта аянбай еңбек етіп, күн сайын жол қауіпсіздігіне үлес қосуда.
Құрметті жүргізушілер мен жол қозғалысына қатысушылар! Көлік жүргізу – үлкен жауапкершілікті талап ететін іс. Әрбіріңіз рөлге отырған сәттен бастап, өз өміріңізге ғана емес, өзгелердің де өміріне жауапты боласыз. Бір сәттік немқұрайдылық – орны толмас қайғыға ұласуы мүмкін. Сондықтан:
✅ Жол қозғалысы ережелерін бұлжытпай орындаңыз;
✅ Мас күйде көлік жүргізуден аулақ болыңыз;
✅ Қауіпсіздік белдігін әрдайым тағыңыз;
✅ Ұялы телефонды қозғалыс кезінде қолданбаңыз;
✅ Жаяу жүргіншілерге әрдайым жол беріңіз;
✅ Қоғамдық қауіпсіздікке үлес қосыңыз.
Есіңізде болсын, жолдағы қауіпсіздік – әрбіріміздің ортақ жауапкершілігіміз. Әрбір ереже – біздің және жақындарымыздың өмірін қорғау үшін жазылған. Өз өміріңізге бейжай қарамаңыз!




Отправить комментарий