Ақтөбеде шенеуніктер өзен жағасында демалғаны үшін жазаланды
Ақтөбе облысының Байғанин ауданында екі мемлекеттік қызметші жұмыс уақытында өзенге барып демалғаны үшін тәртіптік жазаға тартылды.
Белгілі болғандай, 16 шілде күні ауданның экономика және қаржы бөлімінің басшысы Төлеген Молдабеков пен оның орынбасары Мұрат Ержанов Алтай батыр ауылы маңындағы өзенге барып, суға түсіп, «Аққұм-Сағыз» алқабындағы құм арасында күнге қыздырынған.
Олардың бұл әрекетін жергілікті тұрғындар байқап, бейнежазбаға түсіріп алған. Видео әлеуметтік желіде тараған соң, екі шенеунік Мемлекеттік қызмет істері департаментіне шақыртылып, Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында олардың ісі қаралды.
Қызметкерлер өз әрекетін «ауылдарды аралау барысында болған үзіліс» деп түсіндіруге тырысқан. Алайда департамент өкілдері бұл уәжге күмән келтіріп, шенеуніктердің жұмыс уақыты кезінде рұқсатсыз аумақтан кеткенін атап өтті.
«Қызметтік міндеттерін орындаудың орнына өзен жағасында демалу – мемлекеттік қызмет әдебіне қайшы әрекет», – делінген кеңес шешімінде.
Нәтижесінде Төлеген Молдабеков пен Мұрат Ержановқа қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.




Отправить комментарий