ШҚО-дағы ең ірі шошқа фермасы экологиялық талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды
Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында орналасқан «ВК-Бекон» ЖШС шамамен 8 мың бас шошқа өсіреді. Мұнша мал басы болған жағдайда олардың қалдықтарын дұрыс утилизациялау – ферма жұмысының міндетті бөлігі. Алайда кәсіпорын бұл талапты сақтамаған.
Экология департаментіне жергілікті тұрғындардан шағым түскеннен кейін мекемеге тексеріс жүргізілді.
Не анықталды?
Тексеру барысында бірқатар экологиялық заңбұзушылықтар белгілі болды:
— жобада қарастырылған қалдықтарды сусыздандыруға арналған нысандардың болмауы;
— рұқсатсыз ағынды су төгу;
— қалдықтарды арнайы жабдықталмаған аумақтарда сақтау.
Экология департаментінің мәліметінше, анықталған заңбұзушылықтар үшін кәсіпорын ҚР ӘҚБтК-нің 332, 344, 325, 327-1 және 328-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
– Тексеру материалдары Өскемен қаласының әкімшілік сотына жолданды, – деп хабарлады ШҚО Экология департаменті.
Қанша айыппұл салынды?
Экологиялық нормаларды бұзғаны үшін шошқа фермасы шамамен 2 миллион теңге көлемінде айыппұл төлейді.




Отправить комментарий