Сауран ауданында 2026 жылдың алғашқы алты айындағы қылмыстық ахуал: негізгі көрсеткіштер мен өзгерістер
2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша Сауран ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Дегенмен, талдау нәтижесі қылмыстық құқық бұзушылықтардың өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда артқанын көрсетті.
Есепті кезеңде аудан аумағында барлығы 108 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі 83 дерекпен салыстырғанда 25 фактіге немесе 30 пайыздан астамға өсті. Қылмыс санының артуына бірнеше объективті себеп әсер етті. Атап айтқанда, қайтарымсыз мемлекеттік грант алып беремін деген желеумен жасалған алаяқтық фактілерінің анықталуы, интернет-алаяқтық қылмыстарының көбеюі, сондай-ақ «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында заңсыз есірткі өсімдіктерін өсіру деректерінің тіркелуі жалпы көрсеткіштің жоғарылауына ықпал етті.
Ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша да өсім байқалды. Есепті кезеңде ауыр қылмыстар саны 31-ден 38-ге, ал аса ауыр қылмыстар 10 дерекке дейін жетті. Бұл көрсеткіштердің артуына бұрын жасырын қалып келген бірқатар ауыр қылмыстардың толық көлемде тіркелуі әсер етті. Сонымен қатар адам өлтіру, бұзақылық, интернет арқылы жасалған алаяқтық және мал ұрлығы санатындағы қылмыстар бойынша да жекелеген өсім тіркелді.
Соған қарамастан, Сауран аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу қызметкерлері барлық ауыр және аса ауыр қылмыстарды толық ашуға қол жеткізді. Есепті кезеңде осы санаттағы қылмыстардың ашылу көрсеткіші 100 пайызды құрады. Бұл құқық қорғау органдарының қылмыстарды дер кезінде ашу және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту бағытындағы жұмыстарының нәтижелі екенін көрсетеді.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыруда. Алдағы кезеңде интернет-алаяқтықтың, есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың және қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстардың алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар күшейтіледі.
Сауран аудандық полиция бөлімі тұрғындарды қырағылық танытып, күмәнді әрекеттерге сенбеуге, интернет кеңістігінде жеке деректерді бөгде адамдарға бермеуге және құқық бұзушылықтарға куә болған жағдайда дереу полицияға хабарлауға шақырады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – полиция мен тұрғындардың бірлескен жауапкершілігі.




Отправить комментарий