Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда: кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу
Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау – мемлекет пен құқық қорғау органдарының негізгі міндеттерінің бірі. Балалардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуі, олардың құқықтарының сақталуы және жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында Сауран ауданында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Құқықтық тәртіпті талдау барысында кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар санының артқаны байқалды. Атап айтқанда, аталған санаттағы қылмыстар өткен кезеңмен салыстырғанда 2 деректен 12 дерекке дейін өскен. Бұл көрсеткіш әрбір балаға қатысты қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударуды талап етеді.
Кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарымен, ата-аналармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп профилактикалық шаралар ұйымдастырып келеді. Мектептерде құқықтық түсіндіру кездесулері өткізіліп, оқушыларға заң талаптарын сақтау, қауіпсіздік ережелерін ұстану және құқық бұзушылықтың салдары туралы ақпарат берілуде.
Балаларға қатысты қылмыстардың алдын алуда ата-аналардың жауапкершілігі ерекше маңызды. Сондықтан полиция қызметкерлері ата-аналарға бала тәрбиесіне немқұрайлы қарамау, олардың бос уақытын бақылау, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету және баланың психологиялық жағдайына көңіл бөлу қажеттігін түсіндіруде.
Сонымен қатар жасөспірімдердің қылмысқа бейім ортаға түсуінің алдын алу бағытында жеке профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Құқық бұзушылық жасауға бейім немесе қиын жағдайдағы балалар анықталып, олармен және олардың отбасыларымен тиісті жұмыстар ұйымдастырылады. Бұл ретте баланың тағдырына бейжай қарамай, оған қолдау көрсету басты назарда болады.
Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық, қараусыздық және басқа да құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу бойынша жедел әрекет ету шараларын қабылдайды. Әрбір келіп түскен ақпарат зерделеніп, заң талаптарына сәйкес шешім қабылданады.
Жасөспірімдермен жасалатын қылмыстар бойынша оң көрсеткіш сақталуда. Есепті кезеңде кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстар тіркелген жоқ. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстардың, ата-аналармен және білім беру мекемелерімен бірлескен іс-шаралардың нәтижесін көрсетеді.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір ата-ана, ұстаз және тұрғын бала құқығын қорғауға жауапкершілікпен қарауы қажет. Себебі қауіпсіз балалық шақ – қоғамның тұрақты дамуының негізі.
Сауран аудандық полиция бөлімі кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыра береді.




Отправить комментарий