Сауран; Учаскелік полиция инспекторларының жұмысы: құқық бұзушылықтардың алдын алудағы маңызды бағыт

Қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында учаскелік полиция инспекторларының атқаратын қызметі ерекше маңызға ие. Олар халықпен тікелей байланыс орнатып, азаматтардың өтініштері мен мәселелерін зерделеп, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша күнделікті жұмыстар жүргізеді.

Сауран аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары профилактикалық есепте тұрған азаматтармен, қолайсыз отбасылармен және құқық бұзушылық жасауға бейім тұлғалармен тұрақты түрде жұмыс атқаруда. Негізгі мақсат – қылмыстың алдын алу, оның себептері мен оған әсер ететін жағдайларды анықтап, дер кезінде тиісті шаралар қабылдау.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу учаскелік инспекторлардың басты бағыттарының бірі болып табылады. Осы салада полиция қызметкерлері жанжал орын алуы мүмкін отбасыларды бақылауда ұстап, тұрғындарға құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Зорлық-зомбылықтың қайталануына жол бермеу мақсатында қорғау нұсқамалары шығарылып, құқық бұзушыларға қатысты заң аясында шаралар қабылдануда.

Профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде есепті кезеңде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында 62 қорғау нұсқамасы рәсімделіп, сот шешімімен 21 тұлғаға ерекше талап белгіленді. Бұл шаралар жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқық бұзушылардың әрекетін шектеуге мүмкіндік береді.

Учаскелік полиция инспекторлары әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу және анықтау бойынша да ауқымды жұмыстар атқаруда. Жалпы 2992 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қолданылды.

Атап айтқанда, коммуналдық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-1-бабы бойынша 262 тұлғаға хаттама толтырылды. Абаттандыру қағидаларын бұзған 126 азамат жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішіп немесе мас күйде жүрген 104 тұлғаға қатысты әкімшілік шаралар қабылданды.

Сондай-ақ сауда орындарында заң талаптарының сақталуын бақылау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 200-бабы бойынша 21 дүкен иесіне қатысты шаралар қолданылды. Бұл жұмыстар заңсыз сауда айналымының және қоғамдық тәртіпке кері әсер ететін жағдайлардың алдын алуға бағытталған.

Учаскелік полиция инспекторларының қызметіндегі басты ерекшелік – тұрғындармен тұрақты байланыс орнату. Олар тек құқық бұзушылық орын алған кезде ғана емес, оның алдын алу мақсатында да халықпен тығыз жұмыс істейді. Әрбір ауылдық округтегі қоғамдық ахуалды зерделеп, тұрғындардың қауіпсіздігіне әсер ететін мәселелерді анықтайды.

Құқық бұзушылықтың алдын алу – қылмыспен күрестің ең тиімді жолдарының бірі. Осы бағытта Сауран аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жұмыстарын тұрақты түрде жалғастыруда.

Отправить комментарий