Ақтөбеде оқушылар уланды
18 ақпанда Ақтөбе облысының Қобда ауданында 19 оқушы тамақтан улану белгілерімен ауруханаға жатқызылды. Балалар бас айналу, жүрек айну, әлсіздік туралы шағымданды, кейбірінде бөртпе және көздің жас ағу белгілері байқалды.
Белгілі болғандай, денсаулықтарының нашарлауына «Лобстер» соя еті снегі себеп болған. Бұл өнімді оқушылардың бірі жергілікті дүкеннен сатып алып, сыныптастарына ұсынған. Айта кетерлігі, белгілер өнімді татып көргендерде ғана емес, жақын жерде болған балаларда да байқалған. Мамандардың айтуынша, бұл жағдай қытайлық өнімнің өткір иісінен туындауы мүмкін.
Оқиғадан кейін жеті балаға асқазанды шаю процедурасы жасалды, қалғандары стационарда бақылауға алынды. Ауруханаға облыстың жетекші дәрігерлері, соның ішінде бас инфекционист, педиатр және аллерголог барды. Балалардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. 19 ақпанда 12 оқушы ауруханадан шығарылды, ал қалған 9 бала 20 ақпанда үйіне жіберілмек.
Улану себептері бойынша тергеу жүргізілуде, ал санитарлық қызметтер кәсіпкерлерге тиісті сертификатсыз тауарларды сатуға жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Отправить комментарий