Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова өз қызметімен қоштасып, төрт жыл бойы атқарған еңбектері мен жетістіктерін қорытындылады,деп хабарлайды Azatnews.kz тілшісі.
Қаланың дамуына арналған жылдар
Гүлжан Құрманбекова әкімдік қызметі барысында қала мен оның маңындағы ауылдардың инфрақұрылымын дамыту, экономиканы нығайту, және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асырғанын атап өтті. Оның айтуынша, негізгі басымдықтардың бірі – қаланы көгалдандыру болды. Арыс көшелеріне жасыл желек отырғызылып, тамшылатып суару жүйесі енгізілді. Бұл бастама табиғатты қорғау мен экологияны жақсартуға сеп болды.
Әлеуметтік қолдау және ерекше жобалар
Әкім қызметке кіріскен алғашқы жылы ардагерлер мен жастармен кездесіп, олардың ұсыныстарын назарға алып, облыста тұңғыш рет «Ардагерлер орталығын» ашты. Сонымен қатар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін «Тең Қоғам» оңалту орталығы іске қосылды.
2021 жылы тұрғындар өтінішімен автобустар қызметі қайта жанданып, биыл жаңадан 14 отандық автобус сатып алынды. Сондай-ақ, қала орталығымен қатар, ауылдарды газдандыру, ауызсумен қамту, және мәдени-спорттық нысандарды салу жұмыстары қарқынды жүргізілді.
Арыс қаласының бюджеті соңғы төрт жылда үш есеге ұлғайды. Ірі теміржол мекемелері енді салықты Арысқа төлейтін болды, бұл қаланың қаржылық тәуелсіздігін арттырды.
Арыс қаласының маңызды жетістіктерінің бірі – тұрғын аудандардың табиғи газға қосылуы. Бұл қадам тек тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, экологияға да оң әсер етті.
Гүлжан Құрманбекова Арыс тұрғындарына қолдау мен сенім үшін алғыс айтып, қаланың болашағы жарқын болатынына сенім білдірді:
«Арыс – жүрегімнің бір бөлшегі болып қала береді. Алдағы уақытта да қаламыз гүлдене берсін!»,деп тұрғындармен қоштасты.
Отправить комментарий