ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ ТАСҚЫНЫНА ҚАРСЫ ЖОСПАРЛАНҒАН 23 ТАПСЫРМА ОРЫНДАЛДЫТүркістан облысында су тасқынының алдын алу барысы тұрақты бақылауға алынған. Арнайы жоспар әзірленіп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгін бұл мәселе облыс әкімдігінде кезекті рет талқыланып, дайындық пысықталды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға қауіпсіздік шараларын толық атқарып, каналдар мен су көздерін бақылауда ұстауды тапсырды.– Түркістан облысына көктем ерте түседі. Тау қары еріп, суы таситын аймақтарда қазірден дайындықты күшейтіп, арықтар мен атыздарды уақтылы тазалау керек. Каналдардың бәрі тексеріліп, аудан, қала әкімдіктері жауапты басқарма мен департаментпен бірлесе жұмыс атқарсын. Жоспарға енгізілген су нысандары мен су қоймалары жөнделіп, қорғаныс дамбалары реттелуі тиіс. Қолда бар арнайы техниканы қолданып, су тасқыны қауіпсіздігін нығайтыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.Мәжілісте ТО ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғаныс полковнигі Әскер Сарбатов атқарылған жұмыстарды баяндады. Өңірде «2024-2025 жылғы қыс-көктемгі су тасқынына қарсы инженерлік іс-шаралар» жоспарындағы 39 іс-шараның 23-і толығымен аяқталып, 5 іс-шара бойынша жұмыстар жалғасуда. Нәтижесінде 66,1 шақырым қашыртқы арналар механикалық тазалаудан өтті. 14 шақырым қашыртқы арна күл-қоқыстан тазартылса, 350 метр канал бетондалған. 1,9 шақырым арна түзетіліп, қазылды. Оған қоса 3 дана тоспа орнатылып, 4 жол асты құбыры ауыстырылған.Жалпы облыста инженерлік жоспардан тыс 461 шақырым арық (саны –1203), 654 шақырымды құрайтын каналдар (саны –165), 30 шақырым өткелдер тазалаудан өткізілді. Аталған жұмыстарды жүргізуге 263 техника жұмылдырылған. Су тақыны кезеңіне 109 мың дана қап, 1416 тонна инертті материал дайындалды және төтенше жағдай қауіпі туындағанда тамақ мен тиісті қажеттіліктер үшін ірі кәсіпкерлермен 67 меморандум түзіліп, 141 тонна жанар — жағармай дайындалған.Түркістан облысының жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Санжар Бүрлібаевтың айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасымен су тасқынына қарсы 23 іс-шара толығымен аяқталған. Аудандарды техникамен қамту, өзен арналарын бұру, реттеу, тереңдету жұмыстары жүрген. Су басу қаупі бар аймақтар түгел бақылауға алынып, тиісті қауіпсіздік шаралары ұйымдастырылған. Кейбір су нысандарын жөндеу, реттеу үшін жобалық-сметалық құжаттар жасалған.Су тасқынының алдын алу шаралары жыл бойы жалғасады.