ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚТАРЫНА НАЗАР – КЕНТАУЛЫҚТАРҒА АРНАЙЫ ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ӨТТІ

Бүгінгі күні интернет технологиялары күнделікті өміріміздің бөлінбес бөлігіне айналды. Алайда, бұл қолайлылықпен қатар түрлі қауіптерді де ала келді. Соның ішінде ең өзекті мәселе – интернет-алаяқтық. Өкінішке қарай, Кентау қаласының өзінде де бұл қылмыс түрі жылдан-жылға артып келеді.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының мәліметі бойынша, Кентау қаласында 47 интернет алаяқтық дерегі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға артқан. Зардап шеккен азаматтардың көпшілігі әлеуметтік желі, интернет-дүкендер және банктік операциялар кезінде алаяқтардың арбауына түскен.

Осы жағдайларды ескере отырып, Кентау қаласы Полиция бөлімі мен Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ бірлесіп, қала тұрғындарының арасында арнайы түсіндірме жұмыстарын ұйымдастырды. Іс-шара барысында көпқабатты тұрғын үйлер мен аулаларда, қоғамдық орындарда ақпараттық парақшалар таратылып, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мамандар тұрғындарға қауіпсіздік шаралары туралы толық мағлұмат берді.

Іс-шараның мақсаты:

  • Қала тұрғындарының қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру;

  • Интернет алаяқтарының жиі қолданатын тәсілдерін әшкерелеу;

  • Қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және азаматтардың киберқауіпсіздікке бей-жай қарамауына ықпал ету.

Мамандар интернет арқылы жасалатын ең жиі кездесетін алаяқтық түрлерін атады:
«Банк қызметкеріміз» деп хабарласып, карта деректерін сұрау;
Жалған интернет-дүкендер арқылы алдын ала төлем алып, тауарды жеткізбеу;
 Танымал сайттарда жалған жарнама жариялау;
 Әлеуметтік желілерде «жеңіл ақша табу», «пассивті табыс», «грант ұту» секілді жалған уәделер арқылы жеке ақпаратты иемдену.

 Сонымен қатар, мамандар азаматтарға келесі кеңестерді ұсынды:

  • Бейтаныс сілтемелерге өтпеу;

  • Жеке деректер мен банк картасының мәліметтерін ешкімге бермеу;

  • Тек ресми сайттар мен қосымшаларды пайдалану;

  • Күмән тудырған жағдайда дереу полицияға немесе банкке хабарласу.

 Кездесу барысында тұрғындар алаяқтардан қорғану жолдары туралы өз сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Әсіресе зейнеткерлер мен жастар арасында түсіндірме жұмыстары ерекше көңіл бөлінді.

Қорытындылай келе, интернет-алаяқтық – тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның күресуі тиіс ортақ мәселесі. Әрбір азамат саналы түрде өз деректеріне жауапкершілікпен қарап, сақтық шараларын ұстануы тиіс. Кентау қаласының құқық қорғау органдары мен жастар ұйымдары бұл бағыттағы жұмысын тұрақты түрде жалғастырып, тұрғындарды ақпараттандыруды басты міндет етіп отыр.

ЕСІҢІЗДЕ БОЛСЫН:
Ешбір банк қызметкері сізден SMS-код, карта нөмірі немесе PIN-код сұрамайды!

Алаяқтық дерегі орын алған жағдайда, дереу «102» нөміріне хабарласыңыз немесе Кентау қаласы Полиция бөліміне жүгініңіз.

Отправить комментарий