ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚТАРЫНАН САҚ БОЛЫҢЫЗ!

Қазіргі таңда қоғамда интернет технологияларының кеңінен дамуына байланысты онлайн алаяқтық әрекеттері жиілеп кетті. Әсіресе әлеуметтік желілер, мобильді қосымшалар және түрлі сайттар арқылы жасалатын киберқылмыстар қарапайым халыққа үлкен қауіп төндіріп отыр. Осы орайда, Кентау қаласы Полиция бөлімі мен Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бірлесіп ұйымдастыруымен қала тұрғындарының интернет алаяқтықтардан сақ болуын қамтамасыз ету, құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – халық арасында интернет алаяқтықтың алдын алу, азаматтардың киберқауіпсіздік туралы білім деңгейін арттыру, онлайн алаяқтардың әрекет тәсілдерін әшкерелеу және олардан қорғанудың тиімді жолдарын үйрету. Сонымен қатар, тұрғындарды құқықтық тұрғыдан ақпараттандыру, алаяқтық әрекет құрбаны болған жағдайда қандай әрекет жасау қажеттігі туралы нақты нұсқаулықтар беру.

Аталған іс-шара аясында қала аумағындағы тұрғын үй секторларында, көпқабатты үйлерде және қоғамдық орындарда арнайы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен орталық мамандары азаматтарға алаяқтардың жиі қолданатын әдіс-тәсілдерін, мысалы:
▪️ Банк қызметкері болып қоңырау шалу,
▪️ Онлайн сауда-саттық кезінде жалған есепшот арқылы ақша сұрату,
▪️ Құттықтау хабарламасы арқылы сілтеме жіберу,
▪️ “Ақшалай ұтыс”, “жеңіл несие”, “жоғары табыс” сынды жалған ұсыныстар арқылы сенімге кіру,
сияқты алаяқтық үлгілерін нақты мысалдармен түсіндірді.

Сонымен қатар, жиын барысында интернет алаяқтықтың ең көп таралған түрлері мен олардың психологиялық әсері туралы да сөз қозғалды. Мамандар тұрғындарға бейтаныс сілтемелерге өтпеуді, жеке мәліметтерін (ЖСН, банк картасының нөмірі, CVV коды, SMS арқылы келетін кодтар) бөгде адамдарға айтпауды ескертті. Өкінішке қарай, көптеген адамдар өздерінің жеке деректерін бөтен адамдарға айтып қойып, кейін қаржылық шығынға ұшырап жатады.

Мамандар атап өткендей, алаяқтықтың құрбаны болған жағдайда дереу полиция бөлімшесіне хабарласу немесе “102” нөміріне қоңырау шалу қажет. Сондай-ақ, ҚР ІІМ-нің және басқа да ресми мекемелердің сайттарында алаяқтықтың алдын алуға арналған ақпараттармен танысу ұсынылды.

Іс-шара барысында тұрғындарға арнайы ақпараттық парақшалар, жадынамалар таратылып, интернет алаяқтық туралы бейнероликтер көрсетілді. Жиналған жұртшылық тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, мамандар тарапынан жан-жақты жауаптар берілді. Әсіресе егде жастағы тұрғындар мен жастар арасындағы сауаттылықты арттыруға ерекше көңіл бөлінді.

Қорыта айтқанда, мұндай түсіндірме жұмыстары – интернет кеңістігінде құқықтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, алаяқтардың арбауына түспеудің маңызды бір жолы. Алаяқтардың әдістері күн сайын өзгеріп, түрленіп жатқандықтан, әр азамат өз қауіпсіздігіне аса жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Кентау қаласы Полиция бөлімі мен «Жастар ресурстық орталығы» алдағы уақытта да бұл бағыттағы ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында белсенді жұмыстар жүргізетін болады.

Есіңізде болсын: ешқашан бейтаныс адамдарға жеке мәліметтеріңізді, банк картасы туралы ақпараттарды, SMS-кодтарды бермеңіз!

Сақтықта қорлық жоқ! Интернет алаяқтарына алданбаңыз!

Отправить комментарий