Кентау мен маңайындағы ауылдар экологиялық қасірет аймағы ретінде танылды
Кентау мен маңайындағы ауылдар экологиялық қасірет аймағы ретінде танылды
2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Кентау қаласы мен оған шектес жатқан Ащысай, Хантағы, Байылдыр және Қарнақ ауылдары ресми түрде экологиялық ахуалы күрделі, дағдарыс жағдайына жақындаған аймақ ретінде тіркелді. Бұл шешім аймақ тұрғындары үшін бірқатар әлеуметтік қолдаулар мен жеңілдіктерге жол ашты.
Қала әкімдігінде өткен түсіндіру жиынында жаңа мәртебеге байланысты қандай жеңілдіктер мен міндеттер қарастырылатыны талқыланды. Жиынға қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Түркістан облысындағы еңбек инспекциясы департаментінің өкілі Ғалымжан Сапарқұлов, мәслихат депутаттары, бөлім басшылары мен жеке кәсіп иелері қатысты.
Қала әкімінің орынбасары мен экономика және қаржы бөлімінің жетекшісі Ильхам Азизбаев өз баяндамаларында заңнамалық өзгерістер мен әлеуметтік төлемдерге тоқталды. Енді экологиялық қасірет аймағында орналасқан мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің еңбекақысына 20 пайыз үстеме қосылады. Сонымен қатар, жыл сайын 7 күндік ақылы қосымша демалыс және бір айлық жалақы көлемінде сауықтыру жәрдемақысы беріледі.
Студенттер үшін де жақсы жаңалық бар – енді олар стипендияны 1,2 коэффициентпен алады. Ал төленетін экологиялық үстемақылардан жеке табыс салығы мен міндетті әлеуметтік жарналар алынбайды.
Еңбек инспекциясы комитетінің өкілі еңбек шарттарында қандай өзгерістер болатынын нақтылап беріп, кәсіпкерлерге бұл төлемдерді өз қаражаты есебінен өтеу қажеттігін ескертті. Жеке сектор үшін бұл қосымша қаржылық жүктеме болғанымен, экологиялық қауіп-қатер жағдайында еңбек етіп жүрген адамдардың құқықтарын қорғау – басты міндет.
Кентау қаласы әкімдігі бұл мәселені жіті бақылауда ұстайтынын айтып, барлық тараптарды заң талаптарын сақтауға және тиісті міндеттемелерді орындауға шақырды.
Отправить комментарий