Кентау қаласының әкімі құрылыс және абаттандыру нысандарындағы жұмыстардың барысын бақылап, нақты тапсырмалар жүктеді

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қала аумағында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық және абаттандыру жобаларының орындалу барысымен танысу мақсатында бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Жұмыс сапарын барысында қала басшысы жауапты сала басшыларымен және мердігер ұйым өкілдерімен кездесіп, құрылыс жұмыстарының сапасы, белгіленген мерзімнің сақталуы және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Алдымен қала әкімі Бүргем-2 елді мекенінде салынып жатқан ауыз су және кәріз жүйесінің құрылыс алаңына барды. Аталған жоба тұрғындарды сапалы инженерлік-коммуналдық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды нысандардың бірі болып саналады. Жоба толық іске асқаннан кейін елді мекен тұрғындарының орталықтандырылған ауыз су мен кәріз жүйесіне қолжетімділігі артып, коммуналдық қызметтердің сапасы жақсарады.

Қазіргі таңда құрылыс алаңында жұмыстар жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бүгінге дейін 6,6 шақырым ауыз су құбыры тартылып, 94 құдықша орнатылған. Сонымен қатар, 3,8 шақырым кәріз құбыры төселіп, 160 құдықша салынған. Бұдан бөлек, бір кәріз сорғы станциясының құрылысы қарқынды жалғасуда. Жоба аясында инженерлік желілерді толық іске қосу үшін аумақты электрмен қамту жұмыстары да қарастырылған. Құрылыс аяқталғаннан кейін қазылған көшелерді қалпына келтіру, жолдардың негізін нығайту және асфальт төсеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі.

Нысанды аралау барысында қала әкімі құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше мән беріп, барлық жұмыстардың қолданыстағы құрылыс талаптары мен техникалық стандарттарға сай орындалуы қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігі талаптарының қатаң сақталуы, құрылыс материалдарының сапасы және жобаның белгіленген мерзімде аяқталуы бойынша жауапты сала басшылары мен мердігер ұйымдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Қала басшысы әрбір құрылыс нысаны тұрғындардың игілігі үшін салынып жатқанын айтып, сапа мәселесіне ешқандай жеңілдік болмайтынын жеткізді.

Одан кейін Жандос Тасов қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарын аралап көрді. Бүгінде бірнеше тұрғын үй ауласында заманауи балалар ойын алаңшаларының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жобаның негізгі мақсаты – тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз қоғамдық кеңістік қалыптастыру, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау және аулалардың көркін жақсарту.

Жалпы абаттандыру жобасы аясында Кентау қаласы бойынша 33 көпқабатты тұрғын үй ауласына жаңа үлгідегі балалар ойын алаңшаларын орнату жоспарланған. Сонымен қатар, аула аумақтарын абаттандыру, жаяу жүргіншілер жолдарын ретке келтіру, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орналастыру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу көзделген. Бұл шаралар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, балалардың қауіпсіз демалысына және тұрғындардың қолайлы ортада өмір сүруіне мүмкіндік береді.

Нысандарды аралау барысында қала әкімі құрылыс және абаттандыру жұмыстары кезінде анықталған бірқатар кемшіліктерге тоқталып, мердігер мекемелерге оларды қысқа мерзім ішінде толық жоюды тапсырды. Сондай-ақ барлық жұмыстардың сапалы орындалуы, құрылыс мәдениетінің сақталуы және әрбір нысанның уақытылы пайдалануға берілуі қатаң бақылауда болатынын ескертті.

Жұмыс сапарының қорытындысында қала әкімі жауапты бөлімдер мен мердігер ұйымдарға құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуді, барлық жобаларды бекітілген кестеге сәйкес аяқтауды және тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығын басты назарда ұстауды тапсырды. Кентау қаласында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, ауыз су және кәріз жүйелерін дамыту, сондай-ақ аулаларды абаттандыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, олардың орындалу барысы қала әкімдігінің тұрақты бақылауында болады.

Отправить комментарий