Кентауда Абай күні аталып өтті: рухани тағылым мен ұлт мұраты үндесті
Кентауда Абай күні аталып өтті: рухани тағылым мен ұлт мұраты үндесті
10 тамыз – Абай күніне орай Кентау қаласында қазақ әдебиетінің ұлы тұлғасы, ойшыл ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған мәдени-рухани іс-шара өтті. «Ұлы даланың ұлы ақыны – Абай» атауымен ұйымдастырылған жиын елдік сана мен рухани тәрбиені насихаттауға арналды.
Абай ескерткішінің алдында өткен шараға қала әкімі Жандос Тасов, қалалық мәслихат төрағасы Қаблан Елеусізов, зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Жиналған жұрт Абай рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Қала басшысы өз сөзінде:
«Абай – халқымыздың рухани темірқазығы. Ол қалдырған мұра – тек әдебиет емес, тұтас ұлттың мінезі мен болмысы. Абайды оқу – адам болуға, ел болуға бастайды. Біз осы ұлы мұраны ұрпақ санасына сіңіру арқылы елдігімізді бекітеміз», – деді.
Іс-шара аясында жастар Абайдың өлеңдерін жатқа айтып, әндері орындалды. Ақын сөзінің тереңдігін жас буынның жүрекпен ұғынуы – бұл шараның басты ерекшелігі болды.
Айта кетсек, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 10 тамыз – ресми түрде Абай күні болып бекітілген. Бұл күн еліміздің түкпір-түкпірінде ұлттық болмыс пен рухани құндылықтарды дәріптеу күні ретінде кеңінен аталып өтуде.
Кентаулықтар үшін бұл мерекелік күн – тек еске алу емес, Абай аманатын жаңғыртып, оны келешекке жеткізу миссиясы.
Отправить комментарий