Кентауда «Бірге – Таза Қазақстан!» плоггинг жарысы өтті
Кентау қаласында табиғатты қорғау мен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған ерекше экологиялық акция – плоггинг жарысы өтті. Шараны қалалық «Жастар ресурстық орталығы» мен «Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» бірлесе ұйымдастырды. Іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында өткізілді.
Жарыс Қаратау қорығының аумағында ұйымдастырылып, жастарды табиғатты аялауға, белсенді өмір салтын ұстануға және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақыруды көздеді. Бұл бастаманың басты мақсаты — жастардың экологиялық мәдениетін арттырып, қоғамдық жауапкершілік сезімін қалыптастыру.
Плоггинг – жүгіру мен қоқыс жинауды ұштастырған ерекше спорт түрі. Швецияда пайда болған бұл экотренд бүгінде әлем бойынша танымалдылыққа ие болып келеді. Кентауда алғаш рет ұйымдастырылған жарысқа ондаған жас белсене қатысып, табиғат аясын күл-қоқыстан тазартып, экологиялық сананы дәріптеуге үлес қосты.
Жарыс нәтижесінде ең белсенді әрі ұйымшыл топ ретінде «Тұран» командасы бірінші орынды иеленді. Екінші орын «Болашақ» командасына бұйырса, үшінші орынды «Қазына» командасы қанжығасына байлады. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы шаралар алдағы уақытта тұрақты түрде жалғасады. Себебі бұл бастама тек экологиялық мәселелерге емес, сонымен қатар жастардың өмірлік белсенді ұстанымына, спортқа деген қызығушылығына оң әсер етеді.
Қаланың тазалығы, тұрғындардың экологиялық сауаттылығы мен табиғатты қорғауға деген көзқарасы қоғам дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Осы тұрғыда Кентау жастарының белсенділігі мен бастамалары өзгелерге үлгі болары анық.
Кентау қаласы әкімдігі мұндай қоғамдық-экологиялық акцияларға қолдау көрсетуді жалғастыра бермек. Табиғатты аялау – ортақ міндет, ал оны жүзеге асыруда жастардың рөлі айрықша.
Отправить комментарий