Кентауда электр желілері жаңғыртылып, сапалы электрмен қамту бағытындағы жұмыстар қарқын алды
Кентау қаласында тұрғындарды сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниялар тобының құрамына кіретін «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің Кентау қалалық электр желілері қызметі инвестициялық бағдарлама аясында электр желілерін жаңғырту, трансформаторлық қосалқы станцияларды күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстарын кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Бұл жұмыстар қаланың инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыруға және тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтің сапасын жақсартуға бағытталған.
Инвестициялық бағдарлама аясында Кентау қаласындағы МТП-14, ТП-23, ТП-24, ТП-96, ТП-4, ТП-65, ТП-66, КТПН-78, ТП-74 және КТПН-39 10/6/0,4 кВ трансформаторлық қосалқы станцияларында кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Аталған нысандарда электр жабдықтарының техникалық жағдайы толық зерделеніп, жоспарға сәйкес жөндеу және жаңарту жұмыстары атқарылды.
Жаңғырту барысында күштік трансформаторларға техникалық қызмет көрсетіліп, пайдалану мерзімі аяқталған және тозығы жеткен электр жабдықтары жаңасына ауыстырылды. Сонымен қатар тарату құрылғылары ретке келтіріліп, қосалқы станциялардың техникалық жай-күйі жақсартылды. Электр желілерінің тұрақты әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында қорғаныс жүйелері тексеріліп, қажетті техникалық реттеу шаралары жүргізілді. Бұл жұмыстар электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттырып, тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Қала әкімі Жандос Тасов атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен арнайы танысып, жауапты мекеме өкілдерімен бірге нысандарды аралады. Жұмыс сапары барысында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Кентау қалалық электр желілері мекемесінің директоры Бағлан Мырзахметов жыл басынан бері орындалған жұмыстар туралы баяндап, инвестициялық бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың нәтижелері мен алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Кездесу барысында қала әкімі электрмен жабдықтау жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі тұрғындардың өмір сүру сапасына және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін маңызды сала екенін атап өтті. Ол жауапты мекеме басшылығына барлық жөндеу және жаңғырту жұмыстарын сапалы орындауды, белгіленген мерзімдерді сақтауды және тұрғындарды үздіксіз әрі сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Соңғы жылдары Кентау қаласында электр энергиясын тұтыну көлемінің артуына байланысты қолданыстағы электр желілеріне түсетін жүктеме де көбейіп келеді. Осыған байланысты трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңғырту, тозығы жеткен жабдықтарды ауыстыру және желілердің өткізу қабілетін арттыру – уақыт талабынан туындаған маңызды міндеттердің бірі. Жүргізіліп жатқан жұмыстар электр кернеуінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге, желідегі техникалық шығындарды азайтуға және тұтынушыларға үздіксіз электр энергиясын жеткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жүзеге асырылып жатқан жаңғырту жұмыстары электр желілеріндегі апаттық жағдайлардың алдын алуға, жөндеу шығындарын қысқартуға және төтенше жағдайлар кезінде электрмен жабдықтауды қалпына келтіру уақытын азайтуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде тұрғындар мен кәсіпкерлік нысандары үшін қолайлы жағдай қалыптастырып, қаланың коммуналдық инфрақұрылымының сенімділігін арттырады.
Кентау қаласында инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Кентау қалалық электр желілері инвестициялық бағдарлама аясында электр желілерін кезең-кезеңімен жаңарту, трансформаторлық қосалқы станцияларды заманауи талаптарға сәйкестендіру және тозығы жеткен жабдықтарды ауыстыру жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асыратын болады. Бұл шаралар өңір тұрғындарын сапалы, тұрақты әрі қауіпсіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге, қаланың энергетикалық инфрақұрылымын нығайтуға және Кентаудың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қоспақ.




Отправить комментарий