Кентауда мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаты сынға алынды
Кентау қаласында жергілікті билік өкілдері қатысқан маңызды жиын өтіп, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дайындығы мен құқықтық сауаттылығына қатысты мәселелер ашық талқыланды. Қалалық әкімдік аппаратында өткен бұл жиынға ауыл әкімдері, құрылымдық бөлім басшылары мен мамандар шақырылды.
Кездесуге Кентау қаласы әкімі аппаратының басшысы Бауыржан Әбенұлы жетекшілік етті. Ол кіріспе сөзінде мемлекеттік қызметтің сапасына тікелей әсер ететін факторлардың бірі – қызметшілердің заң аясында сауатты әрі нақты әрекет етуі екенін атап өтті. «Мемлекеттік орган өкілі сотта тек өкіл емес, мемлекеттің беделін қорғаушы. Сондықтан әрбір қызметкердің құқықтық дайындығы мүлтіксіз болуы тиіс», – деді ол.
Жиын барысында алғаш болып сөз алған заң және құқық қорғау органдарымен жұмыс жүргізу бөлімінің бас инспекторы Сейфуллин Құрықбаев мемлекеттік қызметшілердің сот процестеріне қатысу мәдениеті мен кәсіби дайындығы жайлы баяндама жасады. Оның айтуынша, кейбір мемлекеттік өкілдер сот отырыстарында өз позициясын нақты қорғай алмай, құжаттарды дұрыс рәсімдемей, жауапкершілікті басқаға ысыра салуға бейім. «Мұндай жағдайлар тек жеке қызметкердің емес, жалпы мекеменің имиджіне көлеңке түсіреді», – деді инспектор.
Ал құжат айналымына жауапты бөлім бас инспекторы Райхан Сайдуалиева өз баяндамасында азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу барысында жиі орын алатын құқықтық олқылықтарға тоқталды. Әсіресе, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте белгіленген талаптар – өтініштерді тіркеу, уақытылы жауап беру, шешім шығару тәртібі жиі бұзылатынына назар аударды. Оның айтуынша, арыз-шағым иелерінің құқықтарын толық қамтамасыз ету – мемлекеттік органның тікелей міндеті.
Жиын соңында анықталған заңбұзушылықтар мен кемшіліктер бойынша нақты тапсырмалар беріліп, оларды жою бойынша ұсыныстар әзірленді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында оқыту семинарларын жиі өткізу ұсынылды.
Бұл жиын – Кентауда мемлекеттік қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жұмыстардың бірі ғана. Қала басшылығының айтуынша, алдағы уақытта да мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігі мен жауапкершілігін арттыру бойынша жүйелі шаралар жалғасын табады.
Отправить комментарий