Кентауда заңсыз жер қазушыларға тосқауыл күшейтілді
Кентауда заңсыз жер қазушыларға тосқауыл күшейтілді,деп хабарлайды Азатнюс.кз.
Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдық аумақтарда жер қойнауын заңсыз пайдалану фактілеріне қарсы ауқымды шаралар қолға алынды. Табиғатқа келетін зиянды азайту әрі заңсыз әрекеттердің жолын кесу мақсатында қала әкімдігі арнайы жұмысшы топ құрып, мобильді рейдтік топтардың белсенділігі арттырылды.
Қала басшысы Жандос Тасовтың тікелей тапсырмасымен құрылған бұл топтар күнделікті тексерістер жүргізіп, заңсыз тас және басқа да жер байлығын рұқсатсыз тасымалдау деректерін анықтауға кірісті. Қазіргі таңда жүргізілген рейдтер нәтижесінде ауыр жүк көліктерінің заң бұзушылық әрекеттері тіркелмеген.
Дегенмен, жер қойнауын заңсыз пайдалану – Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 139-бабына сәйкес, мұндай әрекеттер үшін айыппұл салынса, ал ірі көлемде заңсыз өндіріс немесе тасымал анықталған жағдайда Қылмыстық кодекстің 334-бабымен қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Бұл бап бойынша айыпты тұлғалар үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл төлейді немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Тиісті жұмыстар қала әкімінің бақылауында. Табиғатты қорғау – әрбір азаматтың міндеті екенін ескерте келе, Кентау қаласы әкімдігі тұрғындарды қоршаған ортаға залал келтіретін кез келген заңсыз әрекетке бейжай қарамауға шақырады. Егер сізде табиғатқа нұқсан келтіру деректері жайлы нақты мәліметтер, фото немесе бейнематериалдар болса, 102 немесе 109 байланыс нөмірлеріне хабарласыңыз.
Отправить комментарий