Кентаудағы «Құрылыс Кентау» ЖШС қызметіне ішкі талдау жүргізілуде
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында Кентау қаласындағы «Құрылыс Кентау» ЖШС-да 2025 жылдың 2 шілдесі мен 13 тамызы аралығында ішкі талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілген жоспар-кесте негізінде іске асуда.
Ішкі талдаудың негізгі мақсаты — мекемеде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар-жоғын анықтап, қызмет барысындағы ашықтық пен әділдік деңгейін бағалау. Талдау барысында мекеменің ішкі рәсімдері, қабылданған шешімдер, құжат айналымы мен мемлекеттік сатып алу тәртіптері сарапталып, әлсіз тұстары бойынша ұсыныстар әзірленбек.
Осыған орай, аталған мекеменің қызметі бойынша нақты деректері, арыз-шағымдары немесе пікір-ұсыныстары бар қала тұрғындары мен әлеуметтік желі қолданушылары 2025 жылдың 4 тамызы күні сағат 10:00-де өтетін алдын ала ішкі талдау нәтижелерін талқылау отырысына қатысуға шақырылады.
Кездесу «Құрылыс Кентау» мекемесінің ғимаратында өтеді. Бұл – азаматтардың мемлекеттік және коммуналдық мекемелер қызметіне тікелей араласуына мүмкіндік беретін, ашық диалог алаңына айналмақ. Қатысушылар алдын ала дайындалған талдау қорытындысының жобасымен танысып, өз ескертулері мен ұсыныстарын тікелей білдіре алады.
Ішкі талдау нәтижелері кейінірек жұртшылыққа ашық түрде ұсынылып, тиісті шешімдер қабылданады. Мұндай шаралар қоғам тарапынан бақылауды күшейтіп, жауапты мекемелердің қызметін жетілдіруге ықпал ететіні сөзсіз.
Кез келген сұрақ бойынша төмендегі байланыс нөмірі мен электронды пошта арқылы хабарласуға болады:
Байланыс нөмірі: 8 700 714 14 88
Электрондық пошта: Jil.ins_Kentau@mail.ru
Жергілікті жұртшылықты белсенді азаматтық ұстаным танытып, талқылауға қатысуға шақырамыз. Сіздің ұсынысыңыз – әділетті қоғам қалыптастыру жолындағы нақты қадам.
Отправить комментарий