МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ – КӘСІПКЕРЛІККЕ СЕРПІН
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде көптеген азаматтар өз кәсібін ашып, жұмысын кеңейтуге мүмкіндік алуда. Әсіресе, қайтарымсыз гранттар мен төмен пайызды несиелер, ауыл шаруашылығына арналған субсидиялар кәсіпкерлер үшін үлкен көмекке айналып отыр.
Кентау қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Ажар Қалдыбаева – осындай қолдаудың игілігін көріп отырған кәсіпкерлердің бірі. 2024 жылы ол мемлекеттен 8,5 миллион теңге несие алып, өз тігін шеберханасын ашты. Бұған дейін үй жағдайында көрпе, жастық тігіп, тапсырыстарды шағын көлемде қабылдап келген ол, жаңа құрал-жабдықтардың көмегімен кәсібін кеңейтіп, жұмыс күшін арттыра алды.
Бүгінде оның шағын цехында бес адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкер ана мақта түтетін, көктейтін және 320 түрлі үлгіде көрпе тігетін үш түрлі құрылғы сатып алды. Осы арқылы ол бұрын қолмен атқарған жұмысты әлдеқайда жылдам әрі сапалы етіп орындайтын мүмкіндікке ие болды. Қазіргі таңда ол тек қыз жасауларын ғана емес, үйге арналған перделер тігуді де қолға алып, тапсырыстар көлемін арттырып отыр.
Ажар Қалдыбаеваның жетістігі – мемлекеттің шағын және орта бизнесті дамытуға деген нақты қолдауының айқын дәлелі. Бұл бастама алдағы уақытта да көптеген азаматтардың өз кәсібін бастауына серпін беретіні сөзсіз.
Отправить комментарий