Соңғы

Созақтық 99 жастағы майдангер – Түркістандағы тірі тарих ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ. Созақ ауданы — Ұлы Отан соғысы жылдары 6 мыңға жуық азаматты майдан даласына аттандырған өңір. Сол мыңдаған жауынгердің арасынан бүгінде көзі тірі тек бір ғана ардагер қалды. Ол — 99 жастағы Мырзахмет Жылысбаев. Қария жасының ұлғайғанына қарамастан, тың. Көңіл-күйі сергек, естеліктері анық. 18 жасында соғысқа аттанған бозбала бүгін де сол күндердің елесі мен жүректегі отты жылдарды ұмытқан жоқ. – 1944 жылдың қарашасында мені түн ішінде әскерге алып кетті. Ол кезде сауаты жоқ ересектерге хат танытып жүрген едім. Майдан даласында №92 автоатқыштар полкінің құрамында болдым, – дейді майдангер. Мырзахмет ақсақал Отан үшін от кешкен сәттерін еске алып, еш қорықпағанын айтады. – Қорыққан жоқпын. Алдымыздағы мақсат – елді, жерді қорғау, фашистерді жеңу еді. Егер қорықсам, соғысқа сұранып та бармас едім. Бауыржан Момышұлы «соғысқа бір кіріп шығудың өзі – ерлік» деген. Біз сол ерліктің куәсі болдық, – дейді ол. Бүгінде Созақ жеріндегі жалғыз соғыс ардагері – тұтас бір дәуірдің тірі куәгері. Қарияның өмір жолы жас ұрпаққа отансүйгіштік пен қайсарлықтың айқын үлгісі.