«Павлодарда мүгедектігі бар балаларды ұрып-соғу фактісі анықталды»
Павлодар облысында «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» бағдарламасының іске асырылуы жалғасуда. Бұл жоба аясында бақылаушы органдар зорлық-зомбылық және басқа да заңсыз әрекеттерге ұшырау қаупі бар «тәуекел тобындағы» балаларды анықтау бойынша жұмыстар жүргізуде.
Облыс прокуратурасы арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелерде тұратын кәмелетке толмаған балалардың, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша тексеру жүргізуде.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Облыстық психоневрологиялық балалар орталығы» КММ-нің бейнебақылау камераларын зерттеу барысында тәрбиеші тарапынан балаларды ұрып-соғудың бірнеше жағдайы анықталды.
Бұл балалар денсаулығы жағынан әлсіз, психоневрологиялық аурулары бар және үнемі күтімді қажет етеді.
Кәмелетке толмағандарды ұрып-соғу белгілері бойынша орталық қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы бойынша тергеу ісі басталып, бұл іс Полиция департаментіне жолданды.
Қосымша ақпарат тергеу мүддесі үшін ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Отправить комментарий