Пойыз перронынан қашқан сарбаз: Түлкібаста ерекше оқиға тіркелді
Түркістан облысында әскерге шақырылған жас сарбаз пойызға отырғызылар сәтте перроннан қашып кеткен. Оқиға 25 мамыр түнгі сағат 00:30 шамасында Түлкібас ауданының теміржол станциясында болған. Бұл жөнінде облыстық соттың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azatnews.kz.
Сол түні әскери борышын өтеуге аттанғалы тұрған азаматты шығарып салуға туған-туыстары мен достары келген. Алайда күтпеген жағдай орын алды: перронда тұрған азаматтардың бірі полиция қызметкерінің жұмысына әдейі кедергі келтіріп, әскери комиссариат өкіліне қарсылық көрсеткен. Осы сәтті пайдаланып, әскери борышын өтеуге міндеттелген жас жігіт пойыздан түсіп, қашып кеткен.
Оқиғаның мән-жайы Түлкібас аудандық сотында қаралды. Құқық бұзушы – жас жігіттің досы – сот отырысында өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін білдірді. Ол жеңіл жаза қолдануды сұрап, істің бейбіт түрде шешілуін өтінді. Сот ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 667-бабының 1-бөлігі бойынша («Құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбау») әкімшілік іс қозғап, азаматқа 117 960 теңге көлемінде айыппұл салды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Мұндай әрекеттер әскери тәртіпке нұқсан келтіріп қана қоймай, қоғамда тәртіпсіздікке итермелеуі мүмкін. Әскери міндетті орындаудан жалтару – заң жүзінде қатаң қадағаланады. Бұл жолы жауапкершілік тек досының мойнына жүктелсе де, әскери борышын өтемей бой тасалаған азаматтың әрекеті де құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалмайды.
Ресми органдардың мәліметінше, соңғы жылдары әскерден жалтару оқиғалары азайғанымен, мұндай оқшау фактілер әлі де тіркеліп отырады. Құқық қорғаушылар жастарды заңға бағынуға, ал ата-аналарды өз балаларына патриоттық тәрбие беруге шақырады. Әскер – әр азаматтың Отан алдындағы парызы екенін ұмытпаған жөн.




Отправить комментарий