Полицейлер «Show match» футбол ойынында есірткіге қарсы акция өткізді

Түркістан қаласында орналасқан әйгілі «Turkistan Arena» стадионында ерекше форматтағы әлеуметтік-спорттық іс-шара өтті. Жастар арасында дене тәрбиесі мен салауатты өмір салтын насихаттауға, зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталған бұл іс-шара «Біз лудомания мен нашақорлыққа қарсымыз!» ұранымен ұйымдастырылды.

Аталған матч аясында ұйымдастырылған «Show Match» футбол ойынына елге кеңінен танымал өнер жұлдыздары, медиа саласының өкілдері, танымал блогерлер мен қоғам белсенділері қатысты. Қызықты әрі тартысты ойын Түркістан жастарының назарын аударып, көпшілікке үлгі боларлық әсерлі кешке айналды.

Іс-шараның салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, ойыншыларға сәттілік тіледі. Өз сөзінде ол жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды спортқа баулу, зиянды әдеттерден арылту – облыс басшылығының басты назарындағы мәселелердің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар ол осындай форматтағы әлеуметтік маңызы бар іс-шаралардың жиі ұйымдастырылып тұруы қажет екенін айтты.

Іс-шараның басты мақсаты – жастардың арасында лудомания (ойынқұмарлық) мен нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын дәріптеу, бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ өскелең ұрпақтың бойында дұрыс өмірлік құндылықтарды қалыптастыру. Қазіргі таңда құмар ойындарға, әсіресе онлайн бәс тігуге тәуелділік қоғамда елеулі әлеуметтік мәселеге айналып отырғаны жасырын емес. Бұл ретте жастармен ашық жұмыс істеу, олардың санасына дұрыс бағыт беру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі.

Осы мақсатта шара аясында Түркістан облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері де арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қатысушыларға есірткі заттарының адам ағзасына тигізетін зияны туралы ақпарат берді. Сондай-ақ олар жаднамалар мен ақпараттық парақшалар таратып, есірткі мен психобелсенді заттарға қарсы күрестің құқықтық және медициналық салдарлары жайында баяндады.

«Turkistan Arena» стадионының жасыл алаңында өткен достық матчта «Түркістан» командасы мен «Қазақстан құрамасы» кездесіп, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Әр команда құрамында елге танымал медиа тұлғалар, блогерлер мен өнер адамдары өнер көрсетті. Ойын барысында командалар жанкүйерлерге қызықты әрі тартысты сәттерді сыйлады. Екі тарап та ширақ қимылдап, шеберліктерін көрсетіп, негізгі уақыт тең есеппен аяқталды.

Матчтың шешуші кезеңі – пенальти сериясында өтті. Тартыс соңында «Түркістан» командасы 5:4 есебімен жеңіске жетіп, жергілікті жанкүйерлердің қошеметіне бөленді. Бұл жеңіс тек спорттық нәтиже ғана емес, жастардың белсенділігі мен оң бастамаларға деген қызығушылығының айғағы болды.

Жанкүйерлер мен көрермендер үшін бұл ойын үлкен серпіліс берді. Кеш барысында көрермендерге концерттік бағдарламалар, мотивациялық сөздер мен түрлі интерактивтер ұсынылды. Әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланған бұл шара әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан да оң бағаланып, жастардың өмірлік құндылықтарына әсер ететін маңызды оқиға ретінде қабылданды.

Шара соңында ұйымдастырушылар қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстап, осындай іс-шаралардың жалғасын табатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, бұл форматтағы әлеуметтік акциялар жастардың бойында азаматтық жауапкершілік пен денсаулыққа деген оң көзқарас қалыптастыруда маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.


Түркістан облысы әкімдігі мен Полиция департаменті осындай іс-шаралар арқылы жастарды жат әдеттерден сақтандырып, олардың дұрыс өмірлік бағытты таңдауына жол ашуға күш салуда. Қоғам болып бірігіп әрекет еткенде ғана біз жастарды есірткі, лудомания және басқа да әлеуметтік қауіптерден қорғай аламыз.

Отправить комментарий