«Қауіпсіз қала – Кентау»: Заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіп жолында
Кентау қаласында құқық бұзушылықтың алдын алу, заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың қауіпсіздігін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қалалық Полиция бөлімі мен Жастар ресурстық орталығы, сондай-ақ жергілікті әкімдік пен құқық қорғау органдары өзара тығыз байланыста жұмыс істей отырып, нақты нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
Қылмыс 11%-ға азайды
2025 жылдың алғашқы 8 айының қорытындысы бойынша, Кентау қаласында тіркелген құқық бұзушылықтар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға төмендеді. Бұл көрсеткіш – жүйелі профилактикалық шаралардың, ашық диалогтың және қоғаммен бірге атқарылған кешенді жұмыстың жемісі.
Қалада ең жиі тіркелетін бұзушылықтардың қатарында:
ұсақ бұзақылықтар;
мас күйінде қоғамдық орында жүру;
түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың заңсыз жүруі секілді құқық бұзушылықтар бар.
Аталған бағыттар бойынша бақылау күшейтіліп, күнделікті рейдтік шаралар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Нөлдік төзімділік» саясаты қалай жүзеге асуда?
Кентау қаласында құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» саясаты берік енгізіліп отыр. Бұл – кез келген заң бұзушылықты ескерусіз қалдырмау деген сөз. Қалалық Полиция бөлімі тарапынан 2025 жылдың басынан бері 300-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық дерегі тіркеліп, тиісті шаралар қолданылды. Әрбір факті бойынша құқықтық баға беріліп, түсіндіру және профилактикалық жұмыстар қатар жүргізіледі.
Сонымен қатар, БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы азаматтарға заң нормаларын үнемі еске салу – осы саясаттың маңызды бөлігі. «Жазасыздық сезіміне жол жоқ» деген ұстаным – Кентау қаласындағы қоғамдық тәртіптің өзегіне айналды. Жастармен 60-тан астам іс-шара өткізілді
Жастар – кез келген қоғамның қозғаушы күші. Кентауда заңға бейім, тәртіпті ұрпақ тәрбиелеу мақсатында түрлі форматтағы кездесулер мен акциялар, құқықтық кеңестер ұйымдастырылып келеді. 2025 жылдың өзінде ғана 60-тан астам құқықтық бағыттағы іс-шара өткізілді.
«Заң және жастар», «Жасөспірім және жауапкершілік» секілді арнайы кездесулерде оқушылар мен студенттерге құқықтық сауаттылықты арттыру, өз құқықтары мен міндеттерін түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мұндай кездесулер жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға оң әсер етіп отыр.
Халықпен ашық диалог – сенім негізі
Қоғаммен тығыз байланыс орнату – құқық қорғау органдары жұмысының негізгі бағыттарының бірі. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 700-ден астам қала тұрғыны жеке қабылдауға келіп, өз мәселелері мен ұсыныстарын ортаға салды. Қабылдауда көтерілген мәселелердің 80 пайызы оң шешімін тапқан.
Сонымен қатар, учаскелік полиция инспекторлары тұрғындармен тікелей жұмыс істеп, сенімді байланыс орнатып отыр. Әлеуметтік желілер арқылы азаматтардың сұрақтарына жедел жауап беру, мобильді кері байланыс жолдарын іске қосу – халықпен тиімді жұмыс істеудің жаңа форматы ретінде танылды.
Қауіпсіз Кентау – ортақ міндет
Кентау қаласында құқық бұзушылыққа жол бермеу, заң талаптарын сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Бұл жолда құқық қорғау органдары ғана емес, әрбір азамат өз үлесін қосуы тиіс.
«Қоғамдық тәртіп – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Заңды сыйлау – өзіңді сыйлау», – дейді Кентау қаласы Полиция бөлімінің басшысы Еркеғали Ізбасарұлы Мейірбеков.
Кентау – заңды құрметтейтін, қауіпсіз қала ретінде қалыптасып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.




Отправить комментарий