Қазақстан – қауіпсіз әрі қолайлы туристік бағыт: QR-кодты туристік карта тәжірибесі
Бүгінде әлем елдері туризмді экономикалық өсімнің маңызды драйвері ретінде қарастырып, туристерді тартуға бағытталған әртүрлі бастамаларды жүзеге асыруда. Қазақстан да бұл үрдістен қалыс қалып отырған жоқ. Соңғы жылдары елімізде туризм саласына айрықша көңіл бөлініп, шетелдік қонақтар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау мәселесі басты басымдықтардың біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдары алқасының кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігін атап өтіп, туризмнің стратегиялық маңызын ерекше атап көрсетті.
Осы тапсырманың аясында қолға алынған тың бастамалардың бірі — елге келген әрбір шетелдік туристке арнайы QR-коды бар туристік карта беру. Бұл жаңашыл шешім – Қазақстанды заманауи, цифрлық және қауіпсіз туристік бағыт ретінде қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
QR-коды бар туристік карта: негізгі артықшылықтары
Туристік карта – шетелдік азаматтар үшін арнайы дайындалған, олардың Қазақстандағы саяхаты барысында қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуге бағытталған құрал. Оның басты ерекшелігі – QR-кодтың болуы. Бұл кодты смартфон арқылы сканерлеген кезде, турист автоматты түрде көптілді ақпараттық порталға өтеді. Онда саяхат кезінде қажет болуы мүмкін ең өзекті деректер топтастырылған:
«102» мобильді қосымшасы туралы ақпарат және оны жүктеу нұсқаулығы. Бұл қосымша арқылы полициямен жедел байланыс орнатуға болады. Сондай-ақ, төтенше жағдай туындаған кезде арнайы «SOS» батырмасы арқылы көмек шақыру мүмкіндігі қарастырылған.
Шетелдіктерді тіркеу тәртібі, көші-қон талаптары және еліміздегі болу ережелері жөнінде толыққанды жадынама.
Такси қызметтерінің орташа бағасы, ресми тасымалдаушы қосымшалардың тізімі (мысалы, Yandex Go, inDrive).
Ұялы байланыс операторлары (Beeline, Tele2, Activ) мен SIM-карталардың құны, қосу тәртібі жөніндегі мәліметтер.
Мұндай мазмұнды ақпарат әр туристің Қазақстанда өз-өзін қауіпсіз әрі сенімді сезінуіне септігін тигізеді. Туристік карталар – турист пен мемлекет арасындағы сенім көпіріне айналып отыр.
Safetravel.kz – туристерге арналған сенімді серік
Туристік инфрақұрылымды цифрландыру мақсатында арнайы әзірленген safetravel.kz платформасы — аталған бастаманың маңызды құрамдас бөлігі. Бұл мобильді және веб-нұсқада қолжетімді ақпараттық ресурс шетелдік туристерге арналған жолкөрсеткіш іспетті. Портал интерфейсі бірнеше тілде жұмыс істейді (қазақ, орыс, ағылшын және басқа халықаралық тілдер), бұл – Қазақстанды таңдаған әр турист үшін қолжетімді әрі түсінікті болуға мүмкіндік береді.
Платформада мынандай негізгі бөлімдер бар:
Қазақстан туралы жалпы ақпарат (географиясы, климаты, мәдениеті, ұлттық тағамдары, дәстүрлері);
Қауіпсіздік шаралары, төтенше жағдай кезінде қайда және қалай хабарласуға болатыны;
Медициналық көмек алу тәртібі, дәріханалар мен ауруханалар тізімі;
Туристік бағыттар, тарихи-мәдени орындар мен табиғи көрнекіліктер туралы толық ақпарат;
Құқық қорғау органдарының байланыстары, консулдық және дипломатиялық өкілдіктердің мекенжайлары.
Бұл платформа тек шетелдік туристер үшін ғана емес, ішкі туризммен айналысатын азаматтар үшін де пайдалы ресурс болып отыр.
Туристік карталар қайда таратылады?
Қазіргі таңда арнайы QR-коды бар туристік карталар:
Астана мен Алматы қалаларындағы халықаралық әуежайларда;
Түркістан облысындағы “Қапланбек” шекаралық бақылау бекетінде;
таратылып жатыр. Бұл – елге кірген бойда туристке қажетті ақпаратты бірден беру арқылы алғашқы әсерді қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Алдағы уақытта бұл тәжірибені басқа әуежайлар мен шекаралық бекеттерге де енгізу жоспарлануда.
Мемлекеттік қолдау және стратегиялық маңыз
Қазақстан Үкіметі туризмді дамытуға бағытталған 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарлама аясында туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, визалық режимді оңтайландыруға, шекаралық рәсімдерді жеңілдетуге және инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше назар аударып отыр. Цифрлық туристік карталар мен safetravel.kz платформасы – осы мемлекеттік саясаттың нақты жүзеге асып жатқандығының көрінісі.
Мұндай бастамалар Қазақстанды тек тарихи және табиғи бай өлкелермен ғана емес, заманауи инфрақұрылымы мен жоғары қауіпсіздік деңгейімен ерекшеленетін туристік бағыт ретінде танытады. Бұл, әсіресе, шетелдік инвесторлар мен халықаралық туроператорлар үшін де тартымды сигнал. Шетелдік туристерге арналған QR-коды бар туристік карта – бұл жай ғана ақпараттық құрал емес. Бұл — цифрлық қауіпсіздік, қолайлы навигация, құқықтық сауаттылық және туристік сервис сапасының жаңа деңгейі. Мемлекет басшысы атап өткендей, туризм – экономиканың стратегиялық маңызды саласы. Сол себепті туристер үшін қолайлы орта қалыптастыру – Қазақстанның халықаралық беделін арттыру мен елге деген сенімді нығайтудың басты тетіктерінің бірі. Туристік карта мен safetravel.kz платформасы – еліміздің әлемдік туризм нарығындағы имиджін арттыруға бағытталған нақты, прагматикалық әрі нәтижелі қадам. Бұл бастама – Қазақстанның ашық, қауіпсіз және заманауи ел ретінде дамып келе жатқанын дәлелдейді.




Отправить комментарий