Қоғамдық тәртіп пен ортақ мүлікке құрмет – мәдениетті қоғамның белгісі

Қазіргі заманда қалалық инфрақұрылым мен қоғамдық мүліктің сақталуы – тек билік органдарының емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Өкінішке қарай, соңғы уақытта еліміздің қалаларында, соның ішінде Кентау қаласында вандализм әрекеттері – яғни, қоғамдық мүлікті қасақана бүлдіру, қабырғаларға заңсыз сурет салу, орындықтар мен жарық шамдарын сындырып кету жағдайлары жиі тіркелуде.

Бұл әрекеттердің ешқайсысы «ерлік» немесе «батылдық» емес – бұл заңға қарсы қасақана құқық бұзушылық.

Вандализм дегеніміз не?

Вандализм – бұл қоғамдық орындарда мүлікке әдейі зиян келтіру. Оның түрлеріне мыналар жатады:

  • Ғимарат қабырғаларын бояу, граффити салу;

  • Орындықтар, қоқыс жәшіктері, аялдамалар, ойын алаңдарын сындыру;

  • Көшедегі жарық шамдарын, бейнебақылау құрылғыларын бүлдіру;

  • Қала мүлкіне әдейі от қою немесе қиратып кету.

Бұл әрекеттердің бәрі қоғамдық ортаға, қаланың сыртқы келбетіне және тұрғындардың қауіпсіздігіне кері әсер етеді.

Заң не дейді?

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы бойынша:

Ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орында адамдарға құрмет көрсетпеу, былапыт сөйлеу, қорлау, қоғамдық мүлікті бүлдіру (вандализм) әрекеттері үшін келесі жазалар көзделген:

  • Ескерту жасау;

  • Айыппұл салу (10 АЕК көлеміне дейін – 2025 жылы шамамен 38 850 теңге);

  • 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу.

Қайталанған жағдайда немесе қоғамға айрықша қауіп төндірген кезде жаза қатаңдатылып, қылмыстық жауапкершілікке дейін жетуі мүмкін.

Жастар арасындағы вандализм – тәрбиелік олқылықтың көрінісі

Көп жағдайда вандализмге жасөспірімдер мен жастар барады. Ата-аналар мен ұстаздар қауымы бұл мәселеге бейжай қарамауы тиіс. Бала өз әрекетінің заңдық және моральдық салдарын білуі қажет. Бұл бағытта:

  • Мектептерде құқықтық тәрбие сабақтары;

  • Ата-аналар жиналыстарында түсіндіру жұмыстары;

  • Жасөспірімдер полициясы мен учаскелік инспекторлармен кездесу – тиімді алдын алу шаралары болуы тиіс.

  • Қала – ортақ үйіміз

Қала – бәрімізге ортақ мекен. Оның таза әрі қауіпсіз болуы тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл тұрғындардың, әсіресе жастардың азаматтық жауапкершілігіне байланысты.

Көшедегі орындықты сындырып кету – ерлік емес. Қоқыс жәшігін өртеп жіберу – батырлық емес. Аялдама терезесін шағу – батылдықтың емес, мәдениетсіздік пен жауапсыздықтың айқын көрінісі.

 Не істеу керек?

Әрбір азамат:

  • Қоғамдық мүлікке құрметпен қарауға;

  • Заңсыз әрекетке куә болса, 102 нөміріне хабарлауға;

  • Балаларына қоғамдық тәртіпті сақтау жайлы түсіндіруге міндетті.

  • Тәртіп – бәрімізге ортақ талап!

Полиция қызметкерлері мен жергілікті әкімдік органдары қала аумағында құқық бұзушылықты болдырмау, соның ішінде вандализммен күресті күшейту бағытында тұрақты түрде рейдтік тексерулер, бейнебақылау арқылы мониторинг, жастармен түсіндіру шараларын жүргізіп келеді.

Бірақ ең басты күш – халықтың өзі. Халық өз қаласына жанашыр болып, тәртіп пен тазалықты сақтауға белсенді атсалысқанда ғана, нағыз қауіпсіз әрі жайлы қоғам қалыптасады.

Отправить комментарий