ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ МАҚСАТЫНДА ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Ащысай ауылында жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында кешенді түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараның мақсаты — жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың заң алдындағы жауапкершілігін күшейту, құқықбұзушылық әрекеттердің салдарын түсіндіру арқылы құқықтық мәдениетті қалыптастыру.
Іс-шара аясында студенттер мен ауыл жастарына еліміздің қолданыстағы заңнамалары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, құқықтық тәртіпті сақтау маңыздылығы туралы кең көлемде ақпарат берілді. Сонымен қатар, жастардың өз іс-әрекеттеріне деген жауапкершілігін арттыру, құқықтық нормаларды бұзу салдарынан туындайтын әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы нақты мысалдар келтірілді.
Жастарға құқықбұзушылықтың түрлері, оның ішінде ұсақ бұзақылық, қоғамдық тәртіпті бұзу, кәмелетке толмағандардың жасаған құқықбұзушылықтары жайында ақпарат беріліп, олардың алдын алу жолдары түсіндірілді. Тәртіп бұзу, төбелес, құқық қорғау органдарының заңды талабына бағынбау сынды әрекеттердің салдары қандай болатыны нақты айтылды.
Сонымен бірге, құқықтық мәдениетті қалыптастыруда отбасындағы тәрбие, оқу орындарының рөлі және жастардың өзін-өзі дамытуға деген ұмтылысы маңызды екені атап өтілді. Жастарды адалдыққа, әділдікке, заңға құрметпен қарауға шақыру – іс-шараның басты ұстанымдарының бірі болды.
Іс-шара соңында жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты әрі мазмұнды жауаптар алды. Құқық қорғау саласының өкілдері мен орталық қызметкерлері студенттерге арнап арнайы жадынамалар, ақпараттық парақшалар таратты.
Мұндай іс-шаралар жастар арасында құқықтық сана мен мәдениетті арттыруда, сонымен қатар құқықбұзушылықтың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жалғасатын болады.




Отправить комментарий