Қызылжар – үлгілі ауыл болуға үмітті
Түркістан облысындағы Қызылжар ауылы «Үлгілі ауыл» жобасы аясында белсенді қадамдар жасап келеді. Ауыл жастары мен тұрғындары туған жердің келбетін жақсартып, елді мекеннің әлеуметтік, мәдени және экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған шараларға біріге атсалысуда.
Мемлекеттік деңгейдегі бұл жоба ауыл инфрақұрылымын дамытып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруды көздейді. Соңғы жылдары облыс көлемінде өткен байқауларда жақсы нәтиже көрсеткен елді мекендер қатарында биыл Қызылжар ауылы да бар. Бұл ауылда «Жомарт түлек» тұжырымдамасы аясында түрлі игі бастамалар қолға алынған.
Мәселен, ауыл азаматтарының қолдауымен «Бүркіт» спорт алаңына 200-ге жуық ағаш көшеті отырғызылып, сенбіліктер ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ауыл жастары ұйымдастырған футбол турнирлері мен мектеп түлектерінің тарту еткен жабдықтары – ауылдың бірлігі мен жас ұрпаққа деген қамқорлықтың нақты көрінісі.
Ауыл азаматтары «Халықаралық футбол» турнирін өткізуге дайындық үстінде. Қақпалар жаңартылып, мәдени-спорттық алаңдар абаттандырылып жатыр. Бұған қоса, тұрмысы төмен отбасыларға да көмек үзілмеген. Қайырымдылық шаралар мен ортақ іске жұмылу – Қызылжар халқының басты құндылығы.
Жыл соңына дейін ауылда тағы бірнеше жобаны жүзеге асыру жоспары бар. Қоғамдық кеңістіктерді жақсарту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау сынды бағыттар бойынша нақты жұмыстар жүргізілмек.
«Үлгілі ауыл» – тек көріктендіру жұмысы емес, ауылдың болашағына деген жауапкершілік пен сенім. Қызылжар – осы сенімге лайық елді мекен екенін нақты іспен дәлелдеп келеді.
Отправить комментарий