Сауран ауданындағы жол-көлік оқиғалары: қауіпсіздік шаралары және апаттылықтың алдын алу жұмыстары

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Көлік қозғалысының қарқын алуы жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыстарды тұрақты жүргізуді талап етеді. Осы бағытта Сауран аудандық полиция бөлімінің Әкімшілік полиция бөлімі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруда.

Жол қозғалысы жағдайына жүргізілген талдау нәтижесінде аудан аумағында жол-көлік оқиғалары санының артқаны байқалды. Негізгі себептердің бірі – жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтамауы, жылдамдық режимін бұзуы, қарсы бағытқа шығуы және жол жағдайын дұрыс бағаламауы болып отыр.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері тұрақты түрде рейдтік және профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Оның барысында өрескел жол ережесін бұзған жүргізушілер анықталып, заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылуда.

Талдау көрсеткендей, жол апаттарының басым бөлігі бірнеше негізгі себептерге байланысты орын алады. Атап айтқанда, қарсы бағытқа шығып соқтығысу, жаяу жүргіншілерді қағып кету және жоғары жылдамдықпен қозғалыс кезінде көлікті басқару тәртібін бұзу фактілері жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің қатарында.

Апаттылықтың алдын алу мақсатында Сауран ауданы прокуратурасының ұсынысы және аудан әкімдігінің қолдауымен жол қозғалысын бақылауға арналған ұшқышсыз ұшу аппараты (дрон) алынып, оны пайдалану арқылы жол ережесін бұзушыларды анықтау және алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Бұл заманауи технология жол қозғалысын бақылау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қауіпті жол учаскелерін анықтау мақсатында Түркістан облысы прокуратурасы және облыстық полиция департаменті қызметкерлерімен бірлескен зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде аудан аумағында апат қаупі жоғары 40 орын анықталып, аталған аумақтарға «Сергек» автоматтандырылған бақылау камераларын орнату бойынша ұсыныстар енгізілді.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жүргізушілердің тәртібімен қатар жаяу жүргіншілердің де жауапкершілігі маңызды. Осыған байланысты полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігін ескертуде.

Сонымен бірге жол инфрақұрылымындағы кемшіліктерді жою бағытында да жұмыстар атқарылуда. Жол желілерін күтіп ұстау бойынша анықталған кемшіліктерге байланысты 151 ұйғарым беріліп, олардың орындалуы бақылауға алынған.

Жолдағы қауіпсіздік – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Жүргізушілердің жол ережесін сақтауы, жылдамдықты шамадан асырмауы және көлік басқару кезінде барынша мұқият болуы адам өмірі мен денсаулығын сақтаудың басты кепілі.

Сауран аудандық полиция бөлімінің Әкімшілік полиция бөлімі жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыра береді.

Отправить комментарий