Тоқаев Нью-Йоркте іскерлік және білім саласының көшбасшыларымен кездесті
фото Ақорда
НЬЮ-ЙОРК. 21 қыркүйек. Azatnews. – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа ресми сапары барысында іскерлік және білім беру саласының жетекші өкілдерімен бірқатар маңызды кездесулер өткізді.
Алдымен Мемлекет басшысы Cameco Corporation компаниясының бас директоры Тим Гитцельмен келіссөз жүргізіп, уран өндіру және атом энергетикасын дамыту бағытындағы ынтымақтастықты талқылады. Президент Қазақстанда үш атом электр станциясын салу жоспары бар екенін атап өтті.
Кейін Goldman Sachs Global Institute президенті Джаред Коэнмен өткен кездесуде цифрлық трансформация, жасанды интеллект және финтех салаларындағы серіктестік мәселелері қаралды.
Сонымен бірге, Тоқаев ETS халықаралық ұйымының басшысы Амит Севакпен білім саласындағы бағалау жүйелерін жетілдіру тәжірибесін енгізу жайын талқылады.
Маңызды келісімдердің бірі – «ҚазМұнайГаз» және америкалық LanzaJet компаниясының бірлескен жобасы. Тараптар тұрақты авиациялық отын (SAF) өндірісін дамыту жөніндегі ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығарды. Бұл жоба аясында Қазақстанда 2030 жылға қарай жылына 70 мың тонна SAF өндірілмек.
Президенттің бұл сапары Қазақстан экономикасын әртараптандыруға, жасыл технологияларды енгізуге және халықаралық серіктестікті нығайтуға серпін бермек.




Отправить комментарий