Түнгі бақылау: Түркістан облысында қауіпсіздік басты орында

«Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру шеңберінде Түркістан облысы аумағында қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сақтау бағытындағы кешенді іс-шаралар қарқын алды. Облыс Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Мұрат Қабденовтың тапсырмасына сәйкес, өңірде түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық-рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, нәтижелі түрде жүргізілуде.

Полиция қызметінің басты міндеттерінің бірі – қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеу. Бұл мақсатта құқық қорғау органдары тәулік бойы қызмет атқарып, әсіресе кешкі және түнгі уақытта қоғамдық орындарда, көшелерде, тұрғын үй аулаларында, саябақтарда және ойын-сауық нысандарында тәртіпті қамтамасыз етуде. Іс-шараларға патрульдік полиция, учаскелік полиция инспекторлары, ювеналды полиция бөлімшелерінің қызметкерлері жұмылдырылды.

Жедел-профилактикалық шаралар барысында полиция қызметкерлері жаяу патрульдеуді жүзеге асырып, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытында белсенді жұмыс жүргізді. Осы мақсатта кешкі және түнгі мезгілде қызмет атқаратын жаяу патрульдерге «шағын жарық шамдар» берілді. Бұл құралдар патрульдік қызметтің тиімділігін арттырып қана қоймай, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосымша мүмкіндік береді. Жолдағы жағдайды анық көруге көмектесетін мұндай құрылғылар тәртіп сақшыларының қоғамдық орындарда болуы мен қызметін айқын көрсетеді, ал бұл өз кезегінде құқық бұзушылықтың алдын алуға ықпал етеді.

Сонымен қатар рейд кезінде көшедегі қылмыстың алдын алу, құқық бұзуға бейім тұлғаларды анықтау және кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз үйден тыс жүру фактілерінің жолын кесу басты назарда болды. Полиция өкілдері жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы тексерулер жүргізіп, олармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүзеге асырды.

Аталған іс-шаралар шеңберінде тәртіп сақшылары сауда орындарында, қоғамдық көліктерде, аялдамаларда және базарларда түсіндірме әңгімелер жүргізіп, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға тырысты. Құқық бұзушылықтың алдын алу, жол-көлік оқиғаларына жол бермеу және қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау туралы ақпараттар берілді. Бұл әңгімелер барысында тұрғындарға өз құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ төтенше жағдайлар туындаған жағдайда қайда жүгіну қажеттігі де айтылды.

Сонымен қатар, полицейлер жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша ақпараттық жадынамалар таратты. Бұл жадынамаларда жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге арналған қарапайым әрі тиімді сақтық шаралары, қауіпті жағдайлардың алдын алу туралы кеңестер қамтылған. Аталған жадынамаларға арнайы QR-кодтар енгізіліп, азаматтардың қажетті ақпаратты мобильді құрылғы арқылы жедел әрі ыңғайлы түрде алуына мүмкіндік жасалған. Бұл заманауи тәсіл халықтың құқықтық хабардарлығын арттырып қана қоймай, полиция қызметіне деген сенім деңгейінің көтерілуіне оң әсер етуде.

Полиция қызметкерлері атап өткендей, мұндай жедел-алдын алу іс-шаралары тек құқық бұзушылықтардың жолын кесіп қоймай, сонымен қатар азаматтардың тәртіпке деген көзқарасын қалыптастыруда, қоғамдық ортадағы жауапкершілікті арттыруда маңызды рөл атқарады. Қоғамдағы әрбір адамның тәртіпке бағынуы – құқықтық мемлекет құрудың алғышарты.

Түркістан облысы Полиция департаменті қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтау – тек полиция қызметінің міндеті ғана емес, бұл әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін ескертеді. Әсіресе, жол қозғалысына қатысушылар – жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол ережелерін қатаң сақтауы, қоғамдық орындарда тәртіпті бұзбауы маңызды. Себебі әрбір ұсақ құқық бұзушылықтың соңы қайғылы жағдайға немесе ауыр қылмысқа алып келуі мүмкін.

Сондықтан тәртіп сақшылары барша тұрғындарды мұқият болуға, күмәнді әрекеттерге бей-жай қарамауға және қоғамдық тәртіп пен заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Әсіресе ата-аналар балаларына тиісті бақылау жүргізіп, оларды түнгі уақытта қараусыз қалдырмауға назар аударуы тиіс.

Қауіпсіз қоғам – әрбір азаматтың саналы әрекеті мен жауапкершілігінің нәтижесі. Осы орайда Түркістан облысының полиция қызметкерлері алдағы уақытта да халықпен бірлесе отырып, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі әрі нәтижелі түрде жалғастыра беретін болады.

Отправить комментарий