ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІ ШАРДАРАНЫҢ АУЫЗ СУ ЖАҒДАЙЫН ҚАТАҢ БАҚЫЛАУҒА АЛДЫ

ТҮРКІСТАН ӘКІМІ ШАРДАРАНЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ЖОСПАРЫН БЕКІТІП, СУ НЫСАНДАРЫН ӘУЕДЕН БАҒАЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдегі су тапшылығы мәселесін шешу үшін ауқымды жұмыстарды қолға алды. Өңір басшысы Арыс, Келес, Қазығұрт, Отырар және Шардара аудандарындағы негізгі су нысандарын тікұшақпен аралап, олардың техникалық және табиғи жағдайын әуеден бақылап шықты. Әсіресе, «Шардара» су қоймасының қазіргі ахуалы мен су көлемінің күрт азаюы ерекше назарға алынды.

СУ КӨЛЕМІ ТӨМЕН – ЖЕДЕЛ ШАРА ҚАЖЕТ
«Шардара» су қоймасындағы су көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1,5 миллиард текше метрге азайған. Қазіргі уақытта қоймада 926 млн м³ ғана су бар. Бұл Шардара қаласы мен аудан халқын ауыз сумен үздіксіз қамтуға кері әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты облыс әкімі жедел іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді тапсырды.

ҚАЛАНЫ СУМЕН ҚАМТУ ЖОСПАРЫ ЖАСАЛДЫ
Аудан орталығында 31 883 тұрғын тұрады. Сырдарияның оң жағалауындағы 12 ықшам аудан «Шардара» су қоймасынан, ал сол жағалау – Өтеғұл шағынауданы жер асты ұңғымаларынан ауыз су алады. Су деңгейі күрт төмендеген жағдайда қаланың бас су торабында пантон қойылып, үстіне қуаттылығы сағатына 500 м³ су тартатын арнайы насос орнатылады. Бұл арқылы төменгі деңгейдегі суды жоғарыға шығару көзделіп отыр.

🛠️ Сонымен қатар, балама су көзі ретінде бас су торабына жақын маңда тереңдігі 80-100 метр болатын екі ұңғыма қазу жоспары бекітілді. Қазіргі таңда солардың бірінде бұрғылау жұмыстары басталып кетті.

Нұралхан Көшеров:

«Су тапшылығы – күрделі мәселе. Алайда халықты ауыз сусыз қалдыруға болмайды. Барлық жауапты басқарма басшылары мен аудан әкімдері осы бағыттағы жобаларды сапалы әрі уақтылы атқарсын», – деді әкім кеңес барысында.

Сонымен қатар өңір басшысы «Шардара» су электр станциясында болып, нысанның қазіргі жұмысы және жоспарларымен танысты. Мамандармен кездесіп, су ресурстарын үнемді пайдалану және қауіпсіздікті сақтау бойынша нақты тапсырмалар берді.

ТҮЙІН:
Түркістан облысы әкімдігі су тапшылығы жағдайында жедел әрекет етіп, Шардараны ауыз сумен қамту жоспарын қайта қарап, балама шешімдерді жүзеге асыруға кірісті. Жағдай күрделі болғанымен, тиісті жұмыстар бақылауда.

Отправить комментарий